Гастритке әкеліп соқтыратын 5 әдет
Терапевт-диетолог айтып береді
Бала кезімізден-ақ бәріміз де аналарымыз бен әжелерімізден еститіндеріміз: «Тамақты құрғақтай жеме, бұл асқазан үшін зиянды!». Осы мақалада терапевт әрі диетолог Алмагүл Ержекенова жаман әдеттердің қайсысы гастритке әкеліп соқтыратынын және олардың теріс әсерін қалайша азайтуға болатынын әңгімелеп береді.
ГАСТРИТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Гастрит – бұл асқазанның қорғаныш қасиетіне ие шырышты қабығының қабынуы, әрі ол асқынған немесе созылмалы болып бөлінеді. Асқынған гастрит кенеттен және қатты қабыну үдерісімен айқындалса, созылмалысы – ұзақ, жиі және баяу ағымды қабынумен айқындалып, кейде асқыну жағдайлары пайда болатын бірнеше жыл бойына жалғасуы мүмкін.
Өкінішке қарай, гастрит әрқашан және әркімде бірден байқалатын симптомдармен бірге жүре бермейді. Гастриттің кеңінен таралған белгілері мыналар:
- Іш қуысының ауырсынуы
- Асқазанның жылдам толу сезімі
- Іштің кебуі
- Жүрек айну (аш қарынға, не болмаса тамақтан кейін, немесе үнемі және тамақтануға қарамастан)
- Лоқсу
- Тәбеттің төмендеуі
- Кекіру және газдар
Асқазанның жұқарған, әрі қанмен нашар қамтамасыз етілетін шырышты қабығы – гастриттің дамуына қолайлы шарт болып саналады. Қорғаныш қасиетіне ие қабаттың осындай хал-жағдайы өзіміздің асқазандағы сөлімізбен оны зақымдауға, тітіркендіруге және қабынуды тудыруға мүмкіндік береді. Шырышты қабықтың «әлсіз» күйі гастриттің қаупін арттыра түсуі ықтимал. АҚШ-тың Денсаулық сақтау департаментіне қарасты Қант диабеті, асқорыту жүйесі және бүйрек ауруларын зерттеу жөніндегі Ұлттық институтының мәліметтеріне сәйкес, гастриттің даму қаупі факторларының арасында келесілер бар:
- Алкогольді шамадан тыс ішу
- Стероидті емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмектерді үйреншікті түрде (жиі) қабылдау (ибупрофен, аспирин және т.б.)
- Темекі тарту
- Жас шамасы (адамның жасы ұлғайған сайын асқазанның шырышты қабығы табиғи түрде жұқарады)
- Кокаинді тұтыну
Айта кетерлік жайт, бактериялық инфекция да гастритті қоздыруы әбден мүмкін. Ең көп таралған қоздырғыш – Helicobacter pylori – бұл асқазан қабырғаларының ортаңғы қабаттарында мекендейтін және басқа адамдарға қарым-қатынас арқылы, сонымен қатар ластанған тамақ пен су арқылы берілетін бактерия. Қазақстан Н. pylori бактериясын жұқтыру көрсеткіші бойынша деңгейі жоғары елдер қатарына жатады: 67,5% бастап 92% дейін. Басқа сирек кездесетін қауіп факторлары арасында келесілер бар:
- Дұрыс тамақтанбау
- Күйзеліс
- Аутоиммундық аурулар
- Асқорыту жүйесінің бұрыннан бар аурулары (мәселен, Крон індеті)
- Вирустық инфекциялар
ҚАНДАЙ ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕР ГАСТРИТКЕ ӘКЕЛЕДІ?
АЛКОГОЛЬ. Ішімдіктерді тұтыну гастриттің пайда болуының ең кеңінен таралған себептерінің бірі болып саналады. Дегенмен алкоголь аурудың белгілерін асқындырмайды, ол гипертрофия мен гиперфункцияны тудыруға септігін тигізетін тікелей асқазанның шырышты қабығына әсер етеді де, соның артынан гипертрофия мен гиперфункция ере жүреді. Алкогольді ұзақ уақыт бойы әрі шамадан тыс тұтыну асқазан қабырғасының өзгеруіне, тіпті, некроз – жасушалардың өлуіне шейін әкеліп соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге жақында өткізілген зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, алкогольдік гастриттің пайда болу механизмі асқазанға деген тікелей тітіркендіргіш әрекетімен ғана емес, сондай-ақ бұл асқазан-ішек жолының ішіндегі қысымға, оның моторикасы мен ас қорыту сөлінің секрециясына да байланысты болып отыр.
ТЕМЕКІ ТАРТУ. Шылым шегу алкогольге қарағанда асқазанға одан кем емес залал келтіреді екен. Ғалымдар темекі түтіні мен никотиннің өзі тітіркендіргіш және уытты әсер етеді деп пайымдап отыр. Алайда зерттеулер осы зиянды әдеттің гастрит ағымына ықпал етуінің нақты механизмі мен дәрежесін көрсеткен жоқ.
Гастриттің алуан түрлерінің негізгі инфекциялық себептерінің бірі болып саналатын H. pylori бактериясына деген темекі тартудың әсері туралы соңғы зерттеулер бір мағыналы нәтижелерді бермей отыр.
Шығыс еуропалық ғалымдардың зерттеуіне қатысқан темекі тартатын және тартпайтын 236 еріктіде әртүрлі дәрежедегі H. Pylori бактериясының бар екендігі анықталды. Бір таңқаларлығы, шылым шекпейтіндермен салыстырғанда темекі тартатын адамдарда осы бактерияның белсенділігі төменірек болған.
Сонымен бірге жапондық ғалымдардың анықтағанындай, H. pylori жұқтырған адамдарда атрофиялық гастрит (асқазан қатерлі ісігінің прекурсорлары) және темекі тартудың арасында өзара берік қатынастылық бар болып шықты. Темекі тарту және гастриттің арасындағы себеп-салдарлық байланыс туралы мәселе ғалымдардың күн тәртібінде көп уақытқа дейін сақталатыны сөзсіз, алайда біздер бұл жаман әдеттің зиянды әсерінің салдарын қазірдің өзінде-ақ байқай аламыз.
ТАМАҚТАНУ. Гастриттің пайда болуына негізінен май мен холестеринге бай тағамдар себепші болып келеді. Сонымен қатар модельдерге жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, майлылығы жоғары диета асқазан жасушаларының қатерлі ісікке дейінгі өзгерістеріне әкеліп соқтырады. Кейбір зерттеулер осы байланыстың дәнекершісі ретінде – асқазан-ішек жолының микробтық құрамының бұзылуын көрсеткен. Басқа сөзбен айтқанда, май мен холестеринге бай тамақтану әдеті тағамдарымыздың калориялық тұрғыдан үлесін арттыра түседі және артық салмаққа әкеліп қана қоймай, сонымен бірге ішек микрофлорасын бұзады да, бұл өз кезегінде гастрит және асқазанның қатерлі ісігіне соқтыруы әбден мүмкін.
КҮЙЗЕЛІС. Ғалымдардың пайымдауынша, күйзеліс кезінде гастрит дамуының негізгі механизмі асқазан сөлі қышқылдығының әдеттегі нормасынан жоғарылауында жатыр, осыдан кейін эрозия мен қанның кетуі орын алуы мүмкін. Бұдан бөлек тіндердің қалпына келу қасиетінің төмендеуі және мүшедегі қан айналымының нашарлауы нәтижесінде асқазанның шырышты қабығы жұқаруының рөлі расталып отыр.
Кеңінен таралған пікірге қарамастан, медицина күйзеліс кезінде пайда болатын гастриттің басты себебі біздер үшін үйреншікті психоэмоционалдық стресте емес, физиологиялық (ауыр жарақаттар және интенсивті терапия палатасында болу) күйзелісте жатыр деп санайды.
ЗИЯНДЫ ҚАЛАЙ ТӨМЕНДЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Алкоголь. Ішімдік неғұрлым аз мөлшерде тұтынылса, алкогольдік гастритке тап болу қаупі де соғұрлым төмен болмақ. Күнделікті өмірде гастрит диагнозы қойылмаған жағдайында да, алкогольдің асқазанға деген тікелей тітіркендіргіш әсерін ескере отырып, профилактика ретінде аш қарынға алкогольді ішпеген абзал. Алкогольдік сусынның алдында желінген кез келген тағам ішімдік пен асқазан қабырғасы арасындағы буфер рөлінде болады. Көптеген адамдарға алкогольдік сусынды тұтынғанға дейін өсімдік майын ішу амалы белгілі. Кейбір адамдар үшін үйреншікті нәрсеге айналмаған жағдайда, бұл амалдың тиімділігі өте жоғары болып келеді. Әйтпегенде, майларға бай тамақтану әдеті де аурудың дамуына өз септігін тигізеді.
Темекі тарту. Шылым тартатын адам темекінің зиянын төмендетуге көмектесетін бірнеше тәсілді қолдануы мүмкін. Мәселен, темекіні қыздыруға арналған электронды жүйелерге ауысудың арқасында шылымқұмар түтіннің тітіркендіргіш әсері мен тұншықтырғыш газ, шайыр, органикалық заттар және ауыр металдардың уытты әрекетін болдырмайды. Никотиннің ықпалы нәтижесінде тамырлардың тарылуы және осы жағдайда орын алатын асқазанның гипотрофиясынан арыла алмайтынымыз өкінішті, дегенмен бұл жерде интеравалды детоксикация әдісін қолдануға болады. Бұл әдіс адам ағзасының барлық мүшелерінде, соның ішінде асқазандағы қан айналымын табиғи түрде қалпына келтіру мақсатында никотиннен мезгіл-мезгіл (бірнеше күннен бастап бірнеше аптаға дейінгі уақытқа) бас тартуға негізделеді. Сонымен бірге темекіден біржолата бас тарту гастрит диагнозы бар адамның хал-ахуалын жақсарта түсетіні немесе аурудың дамуын бәсеңдете алатыны белгісіз.
Тамақтану. Тамақтану тұрғысынан майларды, сонымен қатар шырышты қабатты тітіркендіретін заттектерді орынды шектеу арқылы гастриттің пайда болу қаупін төмендетуге болады. Осылайша, аялауыш тәсіл – бұл жағдайдағы алдын алудың ең ұтымды әдісі болып саналады. Яғни, тамақты мұқият шайнау және ащы, өте қышқыл және қатты тұздалған тағамдардан бас тартқаныңыз абзал, бұл асқазанға деген жүктемені айтарлықтай азайта түседі.
ДӘРІГЕРГЕ ҚАШАН БАРҒАН ДҰРЫС? ҚАЖЕТ БОЛСА, ӨЗІҢІЗГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСУГЕ БОЛАДЫ?
Жедел жәрдемге жүгінуді қажет ететін көрсеткіштер:
- Қызыл қанмен қаныққан немесе кофенің қоюымен құсу
- Қара түсті, жабысқақ және сасық иісті нәжіс
- Іш қуысы немесе кеуде тұсындағы қатты ауырсынулар
Терапевт дәрігері немесе гастроэнтерологқа жүгінудің белгілері:
- Тәбеттің жоғалуы
- Шамалы тамақтанғаннан кейін тоқтық сезімі
- Кенеттен салмақтың күрт жоғалуы
- Асқазанда тас тұрғандай сезіну
- Жұту кезінде ауырсыну немесе қиындықтардың туындауы
- Үздіксіз лоқсу
Керек болған жағдайда өз-өзіңізге қалай көмектессеңіз болады? Гастрит кезінде өзін-өзі емдеу көбінесе тиімсіз және, тіпті, қауіпті болуы да мүмкін. Дегенмен өзіңізге көмектесудің тексерілген амалдары да бар, олар симптомдарды жеңілдетеді және дәрігерге барғанға дейін бірнеше күн шыдауға көмектеседі.
– ыстық және суық тағамдар, соның ішінде барлық қышқыл, тұзды, ащы және майлы тағамдарды алып тастау. Ешқандай сорпаны ішуге болмайды.
– тек қана «жұмсақ» тағамдарды жеу – еттен жасалған езбе, жабысқақ ботқалар, көкөністерден жасалған смузи, шыланған нан мен печенье, сүт өнімдері.
– әдеттегі тағам үлесінің жартысын ғана жеу. Тамақтану жиілігі тәбетіңізге қарай орайластырылуы керек.