Дәмді және қарапайым қысқы азық: банкілерді жабудың рецепттері - Лайқос

Қыс жақындап қалды: банкі жабудың қарапайым және дәмді рецепттері

Үй жағдайында қысқа азық дайындау – дәрумендер мен пайдалы заттарды сақтап қалудың тамаша әдісі. Оған қоса тұздалған қияр немесе қызанақтың банкісі қыстың суығында ас үлесіңізді түрлендіре түседі. Лайқос үй шаруасындағы тәжірибелі әйелдерге де, сол секілді консервілеуді жаңадан үйреніп жатқан пысық арулар үшін де қысқа азық дайындаудың рецепттерін таңдады.

Қысқа азық дайындау бойынша кеңестер мен ұсынымдар

  1. Тек қана жаңа піскен және сапалы өнімдерді қолданыңыз. Екінші сұрыпты немесе бұзылған көкөністер мен жемістер дәм мен жабылған банкілердің сақталу мерзіміне кері әсерін тигізуі мүмкін.
  2. Банкілер мен қақпақтарды залалсыздандыру керек. Бұл консервілеудің ең бір маңызды кезеңдерінің бірі. Залалсыздандыру дұрыс жасалмаған жағдайда, бұл жабылған салаттарыңыздың бұзылуына және, тіпті, денсаулық үшін қауіпті салдарға әкеліп соқтыруы ықтимал.
  3. Рецепттер мен мөлшерлемелерді қатаң ұстанғаныңыз жөн. Ингредиенттердің үйлесімі мен дайындау уақытын нақты сақтау соңғы нәтиженің сәтті шығуын қамтамасыз етеді.
  4. Жабылған банкілерді салқын және қараңғы жерде сақтаңыз. Дұрыс сақтау жабылған салаттарыңыз бен тосаптарыңыздың дәмі мен пайдалы қасиеттерін қыс бойына сақтап қалуға көмектеседі.

Қысқа азық дайындаудың рецепттері

Бал маринадындағы қияр

Қияр қыс мезгіліне ең көп маринадталатын көкөніс. Бұл рецептті дайындау үшін жаңа піскен қияр, бал, сірке суы, сарымсақ және дәмдеуіштер қажет.

Қиярды жақсылап жуып, түп жағы мен бас жағын кесіп алып тастаңыз. Бір литрлік банкіні жуып, қайнаған сумен шайыңыз. Аскөк пен аршылған сарымсақты салыңыз да, содан кейін барлық дәмдеуіштерді себіңіз. Қиярды банкінің ішіне салыңыз немесе тігінен орналастырыңыз.

Кәстрөлге су құйыңыз да, тұз, қант және балды қосыңыз. Суды қайнатып алыңыз, сірке суын қосып, кәстрөлді оттан түсіріңіз. Маринадты банкінің ішіне құйып алыңыз, қақпағын жауып, үстелдің үстінде 20 минутқа қалдырыңыз.

Үлкен кәстрөлдің ішіне сүлгіні саламыз да, үстінен қияр салынған банкіні қоямыз. Кәстрөлге банкінің температурасымен бірдей келетін суды құйып, ортасына дейін толтырыңыз. Су қайнаған кезде банкіні 10 минутқа қалдырыңыз. Содан кейін оны шығарып алып, қақпағын қатты жабыңыз да, қақпағын төмен қаратып аударыңыз және үстін көрпешемен жауып қойыңыз.

Банкі толығымен суыған кезде, оны қиярларымыз қыс бойына сақталатын жерге апарып қоюға болады.

Баклажан, бұрыш, сәбіз және пияздан жасалған қысқы салат

Алдындағы рецептімізде көрсетілгендей, екі бір литрлік банкіні дайындаймыз.

Баклажандарды жуып, кептіріп, түп жағы мен бас жағын кесіп алып тастаңыз да, қалың әрі ұзыншалап турап алыңыз. Сәбізді жуып, аршып, ұсақтап кесіңіз. Бұрыш – оны да ұсақтап турап алыңыз. Аршылған пиязды төрт бөлікке бөліңіз, содан кейін кесіңіз.

Суды қайнатып алыңыз. Баклажандарды кәстрөлге салып, қайнаған суды құйыңыз, тұз қосыңыз, араластырыңыз және 10-15 минут үстінен қатты басып тұратындай, жүк қою керек.

Үлкен табаққа бұрыш, сәбіз және пиязды салыңыз, сыққыштан өткізілген сарымсақты қосыңыз. Баклажандарды шығаратын және сығып алатын уақыт келді, мұнда қалған көкөністерді, тұз, қант, сірке суы, өсімдік майын қосыңыз және бәрін араластырыңыз. Осы ыдысты орташа отқа қойыңыз және кейде араластыра отырып, қайнатыңыз. Содан кейін корей сәбізіне арналған дәмдеуішті қосу керек, қаласаңыз, ащы бұрышты да қосуға болады.

Көкөністерді 10 минут бұқтырасыз. Содан соң оларды банкілердің ішіне салып шығып, қақпақтарын жабыңыз және төңкеріп қойып суытыңыз, кейін – қысқы азыққа арналған қоймаңызға апарыңыз.

Жасыл аджика

Салаттарға, көкөніс және еттен жасалған тағамдарға қосуға жарамды. Дайындалуы да оңай: барлық ингредиенттерді блендердің ішінде араластырып, дәмдеуіштерді қосыңыз және бір тәулікке тоңазытқышқа қойып қойыңыз.

Алма мен алмұрт повидлосы

Жемістерді текшелеп тураңыз. Оларды табаққа немесе кең ыдысқа қабаттап салыңыз, әр қабаттың үстінен қант себіңіз. Бір-екі сағаттан кейін отқа қоюға болады: үш рет 5-7 минутқа қойыңыз, арасындағы үзілістер кезінде тосап суып үлгеруі тиіс.

Банкілерді жуып, қайнаған сумен шайып алыңыз, суығанша дейін күтіңіз. Дайын болған массаны блендерде араластырыңыз және банкілерге құйып шығыңыз.

Банкідегі ашытылған қырыққабат

Қырыққабатты ұсақтап тураңыз, сәбізді ірі үккіштен өткізіп алыңыз. Үлкен ыдысқа бәрін қосыңыз және жақсылап үгітіңіз де, банкілердің ішіне салып, қысып басыңыз.

Тұз қосылған суды қайнатыңыз. Банкілерді табаққа салып, суыған тұздықты ернеуіне дейін толтыра құйыңыз. Оларды екі күнге ашық қалдыру керек. Күн сайын ауаны шығару үшін қырыққабатты түбіне дейін пышақпен бірнеше рет тесіп отырыңыз.

Содан соң тұздықты табаққа құйып алыңыз, қант пен аскөк тұқымын қосыңыз, кейіннен қайта құйыңыз. Банкілерді жабыңыз және қысқа дейін салқын жерге қойып қойыңыз.

Қысқа азық дайындау – бау-бақша өнімін сақтау мен жыл бойы өзіңізді және жақындарыңызды дәмді тағамдармен қуантудың керемет тәсілі.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]