Корей салаттарын қалай дайындау керек: рецепттер мен кеңестер - Лайқос

Дәмді корей салаттары: үйдегі аспаздық эксперименттерге арналған рецепттер

Корей салаттарының классикалық рецепттері дастарханымызда жиі көретін тағамдарымыздан біршама ерекшеленуі мүмкін: бір емес, бірнеше онжылдықтарға созылған көшіп-қону үдерісінің салдарынан ТМД елдеріндегі кәрістердің асханасы қолда бар азық-түлікке бейімдендірілген. Лайқос Қазақстан үшін үйреншікті ең дәмді рецепттерді таңдады.

Неліктен корей салаттары соншалықты танымал

Біріншіден, бұл дәмді. Ал екіншіден, корей салаттары май қыртыстарын ыдырата алады, асқазан жұмысына көмектеседі, әрі ондағы қышқылдық деңгейін қалпына келтіреді. Жалпы алғанда кәрістер калориялығы төмен келетін тағамдарды, көкөністер мен теңіз өнімдерін көбірек жеудің арқасында ұзақ жылдар бойы жасаң көрінеді.

Ең алдымен, кимчи салатын айырықша атап өткен жөн: кәрістердің пікірінше, егер оны күнделікті жесеңіз, онда бірқатар аурулардан, соның ішінде суық тию мен тұмаудан аулақ бола аласыз. Сонымен бірге мұндай орамжапырақ мастықтың салдарына қарсы өте тиімді құрал болып саналады.

Біз жинаған рецепттердің ішіне көбінесе жіңішке туралған және басқа да көкөністер секілді дайындалған болгар бұрышы қосылады. Дастарханға ұсынар алдындағы безендіруге арналған көк шөп, бұрыш және басқа да ингредиенттерді талғамыңызға қарай қоса аласыздар.

Кимчи

Қырыққабатты дайындаудан бастаңыз. Оны соңына дейін кеспей, төрт бөлікке бөліп алыңыз, жапырақтардың арасына тұз себіңіз және бөлме температурасында төрт сағатқа қалдырыңыз.

Маринад үшін блендердің ішінде пияз, сарымсақ, зімбір және бұрышты ұсақтаңыз. Мұнда қант пен устрица тұздығын қосып араластырыңыз.

Күріш ұнын сумен араластырыңыз және сапырып тұрып, қайнатыңыз. Содан кейін күріш қоспасын маринадқа қосыңыз және араластырыңыз.

Сәбізді аршыңыз да, үккіштен өткізіп алыңыз, қырыққабатты тұздан тазарту үшін жуыңыз және жақсылап езіңіз. Қырыққабатқа сәбіз бен көк пиязды қосып, содан кейін маринадты құйыңыз және араластырыңыз.

Кимчиді маринадтау үшін бөлме температурасында бір тәулікке қалдырыңыз, содан соң тағы бір тәулікке тоңазытқышқа қойып қойыңыз.

Сәбіз салаты (морковча)

Сәбізді жіңішке етіп турап алыңыз – ол үшін арнайы үккішті пайдаланғаныңыз дұрыс. Тұз бен қантты қосып, араластырыңыз және сәбізді шырын беруі үшін жарты сағатқа қалдырыңыз.

Сәбізді жақсылап езіңіз және артық сұйықтықты төгіп тастаңыз. Егер қанық дәм, түс және қытырлақтығын сақтап қалғыңыз келсе, салатқа құйылатын маринадтан басқа сұйықтықты қалдырмаңыз.

Ұсақталған сарымсақ, кориандр және ұнтақталған қызыл бұрышты қосыңыз.

Майды қыздырып алыңыз да, екі жарты бөлікке бөліп кесілген пиязды алтын қыртысқа дейін қуырыңыз. Пиязды шығарыңыз, ал ыстық майды сарымсақ пен дәмдеуіштер қоспасының үстіне құйыңыз. Сірке суын қосыңыз.

Салатты жақсылап араластырыңыз, үстін қақпақ немесе тағамдық үлдірмен жабыңыз және үш сағатқа тоңазытқышқа қойып қойыңыз.

Камдича

Картопты арнайы үккіштен өткізіп алыңыз, салқын су құйыңыз және артық крахмалды шаю үшін 5-15 минутқа қалдырыңыз.

Осы уақыт ішінде пиязды екі жартыға немесе төртке бөліп, жіңішке етіп тураңыз, қыздырылған майға алтын қыртысқа дейін қуырыңыз және тұз қосыңыз, бұл шамамен 7-10 минуттай уақытты алады. Дайын болғанға дейін бірнеше минут бұрын кориандрды қосыңыз.

Картоп салынған ыдыстағы суды төгіп тастаңыз және оны қайнап тұрған тұзды суға қосыңыз. Шамамен 3-4 минут пісіресіз, ара-арасында араластырып тұру қажет. Картоп біршама қытырлақ болып қалуы керек.

Осыдан кейін ыстық суды төгіңіз де, картопты салқын сумен шайып алыңыз. Дәмдеуіштер, туралған сарымсақ және майымен бірге қуырылған пиязды қосыңыз. Бәрін араластырыңыз және сірке суын құйыңыз. Салат дайын.

Балықтан жасалған хе

Балықты жолақтарға бөліңіз. Тұздаңыз, қызыл бұрыш қосыңыз да, араластырыңыз және туралған пиязды салыңыз. Суды сірке суымен араластырып, дайындалған ингредиенттердің үстіне құйыңыз, содан кейін тоңазытқышта қалдырыңыз. Салат 40 минуттан соң дайын болады.

Фунчоза

Фунчозаны бес минутқа ыстық суға салып қойыңыз. Суды төгіп тастаңыз да, кеспені дуршлагқа салып, салқын сумен шайыңыз және суы ағып болғанша қалдырыңыз.

Сәбіз бен қиярды тураңыз, сарымсақты ұсақтаңыз. Сәбізді ыдысқа салыңыз да, шырыны шығуы үшін жақсылап езіңіз. Содан кейін тұздықты дайындау керек: бұрыш, тұз, сірке суы мен майды араластырыңыз. Барлық ингредиенттерді табақтың ішінде араластырып, үстінен тұздықты құйыңыз. Салатты екі сағатқа қалдырамыз.

Егер салаттың ет қосылған нұсқасын қаласаңыз, онда сиыр етін жіңішке тураңыз, оны 3-4 минут бойы қайнап тұрған майға құырып алыңыз да, соя тұздығын қосыңыз. Салатқа тұздықты қосардан бұрын салыңыз.

Кадича

Баклажанды жіңішке әрі ұзыншалап кесіңіз, тұз себіңіз және шырыны шығуы үшін жарты сағатқа қалдыра тұрыңыз.

Бұрышты жіңішке жолақтарға тураңыз, пиязды екі жартыға бөліп кесіңіз, сәбізді арнайы үккіштен өткізіп алыңыз.

Баклажанды жуып алу керек, сұйықтықты төгіп тастап, 15 минут уақыт бойы майға қуырыңыз.

Барлық көкөністерді баклажандармен араластырып алыңыз, сарымсақ қосып, соя тұздығы мен сірке суын құйыңыз да, қант пен дәмдеуіштерді қосып, араластырыңыз. Салат бөлме температурасында екі сағаттай тұруы тиіс.

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 5]