Ыстық жазда диетолог ұсынатын бес үздік салқын сорпа
Жазғы ыстықпен қалай күресуге болады? Маусымдық көкөністер, көк шөп пен қиялыңыз ұсынған кез келген нәрсені қосуға болатын салқын сорпаларды дайындау. Салқын сорпа ағзаны ылғалмен қанықтырып, сергітеді және маусымдық өнімдердің пайдасын береді. Көбінесе сорпаның дәмі тоңазытқышта бір немесе екі күн тұрғаннан кейін жақсара түседі, сондықтан оны алдын ала дайындап қойып, әрі термиялық өңдеуді қажет етпейтін жеңіл жазғы тағамдарды әзірлеу үшін қол астыңызда ұстауға болады. Терапевт және иммунодиетолог Алмагүл Ержекенова ыстық күндері ағзамызда не болып жатқаны туралы әңгімелеп, өзінің сүйікті салқын сорпаларының рецепттерімен бөліседі.
Аптап ыстықта адамдар интуитивті түрде анағұрлым салқындау тағамдарды жеуге тырысады. Бұл физиологиялық тұрғыдан негізделген: жаз мезгілінде қан айналымы әлдеқайда белсенді болып келеді, тамырлардың барлығы кеңейген, біз сұйықтықты, тұздарды көп жоғалтып отырамыз, сондықтан салқын, суық, сұйық тағамдарды қалаймыз. Осылайша біз жоғалтқан минералдар – калий, натрий, магнийдің орнын толтырамыз. Салқын сорпалар көптеген халықтардың аспазханасында кездеседі.
Шыжып тұрған күндері ыстық өту қаупінің бар екені турасында ұмытпаған абзал. Ол күтпеген жерден болып қалуы мүмкін. Біз үй-жайлардың ішіндегі кондиционерлерге сеніп қалғанбыз, ал сыртта жүрген кезде, тіпті, күннің шыжыған сәулелерінің астында емес, көлеңкелі жерлерде жүрсек те, кең көлемді жүйелік тамырлы реакцияны алу қаупі екі есе жоғары болады екен. Бұл нақ осы сұйықтықтың жоғалуы мен тамырлардың кеңеюі салдарынан болып жатады. Ал салқын сорпалар жеңіл және сұйықтыққа бай келеді.
Жазда гриль немесе фритюрде дайындалатын қуырылған тағамдардан аулақ болуды ұсынамын. Мұндай тамақ өзіңізді жеңіл сезінуге көмектеспейді. Ыстықта қан тамырлары ауруларының көптеген қауіп факторлары кездеседі. Мұндай тамақ қан құрамын липидтерге қанықтырады да, осының салдарынан ол анағұрлым қою, әрі ауырлау бола түседі. Нәтижесінде біз әртүрлі инсульттер, инфаркттар, стенокардиялар мен т.б. дерттерге тап боламыз.
Қызылша сорпасы
Бұрыннан таныс қызылша сорпасы әрқашан өзекті болмақ. Баршамызға белгілі болып отырғандай, мұндағы негізгі ингредиент, яғни, қызылша зат алмасудың бұзылуы, жүрек-қан тамырлары мен гормоналды жүйелердің түйткілдерімен байланысты ауруларға тап болғанда өте пайдалы.
Қызылшаның қабығын аршып, жұқа әрі ұзыншалап тураңыз. Кәстрөлде ауыз суының 1,5 л қайнатып алып, тұз, лимон шырыны, қант және дайындап қойған қызылшаны қосыңыз. Қайнатыңыз да, қақпасын жабыңыз және баяу отта 20 минут пісіріңіз. Оттан түсіріп алыңыз да, бір сағат ішінде толықтай салқындатыңыз. Қияр мен аскөкті жұқа әрі ұзыншалап кесіңіз, пиязды ұсақтап тураңыз. Қияр мен көк шөпті араластырыңыз және қызылша сорпасын құйыңыз. Тоңазытқышқа 1 сағатқа қойыңыз.
Бөдене жұмыртқаларын бітеу пісіріңіз, қабығын аршып, екіге бөліңіз. Өзіңіздің қалауыңыз бойынша қаймақты қышамен араластырыңыз.
Минестроне
Құрамында көптеген көкөністері бар, сондай-ақ бұршақ тұқымдастар, макарон немесе күріш қосылған италиялық тағам. Бұл тағамды сорпада немесе, дәл осы жағдайымызда сияқты су негізінде де әзірлеуге болады. Сорпа өте тойымды, қою және қанық болып шығады.
Жаңа піскен үрмебұршақты барлық басқа да ұсақтап туралған көкөністермен бірге кәстрөлге салыңыз, үстіне 1,5 л су құйыңыз. Кептірілген үрмебұршақты алдын ала суға салып, жібітіп алыңыз. Үрмебұршақ пен көк шөпті орташа отта 40 минут пісіріңіз. Көкөністердің жартысын кәстрөлден шығарып, ал қалған жартысын біркелкі масса болғанға дейін блендермен араластырыңыз. Көкөністерді қайтадан сорпаға салыңыз. Ұсақтап туралған ақжелкен, насыбайгүлді қосып, жақсылап араластырыңыз да, тұздаңыз және бұрыштаңыз. Минестронені қайнағанша дейін жеткізіңіз. Сорпаға пастаны салып, оны дайын болғанға дейін пісіріңіз. Минестронені салқындатып алыңыз. Азғантай зәйтүн майын қосып, дастарханға қойыңыз.
Армян окрошкасы
Бұл нағыз сергітетін вегетариандық салқын сорпа армяндардың ашыған сүт өнімі мацун (мацони) және хош иісті шөптер негізінде дайындалады.
Дайындалған қиярды ұсақ әрі текшелеп тураңыз: неғұрлым ұсақ болса, соғұрлым жақсы. Көбінесе осы сорпа үшін қиярды алдын ала қабығынан тазартады. Көк шөпті жапырақшалар мен сабақтарға бөліңіз. Окрошка үшін тек жапырақшалары мен ең жұқа деген сабақтары ғана қажет болады, әрі оларды пышақпен ұсақтау керек. Кәстрөл немесе терең ыдыста көк шөп пен қиярды араластырыңыз, қалауыңыз бойынша тұз қосыңыз да, өнімдер өздерінің шырынын бөлуі мен хош иісін танытуы үшін жақсылап араластырғаныңыз жөн. 5 минут тұра тұрсын. Шөп пен қиярлар қоспасына мацониді қосыңыз, тағы да жақсылап араластырыңыз. Осыдан кейін қажетті консистенцияға дейін өте салқын суды қосып, сорпаны сапырыңыз. Окрошканы тоңазытқышқа кем дегенде 30 минутқа қойыңыз. Дастарханға қояр алдында тағы да араластырғаныңыз жөн.
Егер мацониді сатып алу мүмкіндігі болмаса, оны майлы айран немесе, тіпті, қатықпен алмастырсаңыз да болады.
Гаспачо
Бұл жарқын қызыл сорпаны испандық Андалусия өңірінің тұрғындары ойлап тапқан болатын. Алайда қазіргі уақытта оны күллі әлемде, сондай-ақ әркім өзіндік рецепт бойынша дайындауда.
Сарымсақты қабығынан аршып алып, ұнтақтағышқа салыңыз. Тұз қосып, араластырыңыз. Нанды сындырыңыз. Ұнтақтағышқа салып, араластырып алыңыз. Келсаппен жұмыс істеуді тоқтатпай, зәйтүн майын жіңішке ағыншамен құйыңыз. Біркелкілікке дейін араластырыңыз. Бетін жауып қойыңыз. 1,5 сағат тұра тұрсын. Қызыл пияздың қабығын аршып, содан кейін ұсақтап тураңыз. Үлкен пиалаға салып, сірке суын құйыңыз. Қиярды жуып алыңыз да, қабығынан тазартыңыз. Қызанақтарды дайындап қойыңыз. Олардың әрқайсысында кірес тәрізді онша терең емес тіліктерді жасаңыз да, қайнап тұрған суға 1 минутқа салып, қабығын аршып алыңыз. Осыдан кейін төрт бөлікке бөліп, ішіндегі тұқымдарын алып тастаңыз. Тәтті бұрышты кептіріп алып, өсімдік майымен майлаңыз. Ыстыққа төзімді формаға салыңыз. Шамамен 10 минуттай температурасы 200 °С жеткен пештің ішінде күйген жерлері пайда болғанға дейін пісіріңіз. Содан соң пештен шығарып алып, ыдысқа салыңыз да, үлдірмен жаба тұрыңыз. 10 минутқа қалдырыңыз да, осыдан кейін қабығы мен өзегін алып тастаңыз.
Ақжелкенді жақсылап шайып алыңыз, сабағынан жапырақшаларды жұлып, ірі етіп тураңыз. Көкөністерді шағын порциялармен блендердің ыдысына салып, әр порциясын салған сайын барлығын араластырып тұрыңыз. Пиязды сірке суымен бірге қосыңыз. Ең соңғы кезекте ұнтақтағыштағы қоспаны салыңыз. Масса біркелкі болған кезде тұздап, бұрыш қосып, тоңазытқыштың ішіне 8 сағатқа қойып қойыңыз. Сорпаны азғантай сумен, салқын қызанақ шырыны немесе су қоспасымен араластырып, тәрелкелер немесе стақандарда ұсынуға болады.
Балық пен қымыздық қосылған көк көже
Қазірде көк көжені салқын сорпалар санатына жатқызады, ал бір кездері ол жеңіл дәмтағам ретінде болып саналған еді. Оның құрамына наннан жасалған квас, әдетте оның ақшыл түрі, онша қышқыл да емес, онша тәтті де емес болуы тиіс, сонымен бірге пісірілген немесе үгітілген сабақтар, хош иісті шөптер мен балық кіреді. Қарапайым, тойымды, дәмді!
Қымыздық пен қалақайды тураңыз, кәстрөлге салыңыз және 500 мл су құйыңыз. Қатты отқа қойып, қайнатыңыз да, астындағы отты азайтып, тұздаңыз. 10 минут бойы қайната беріңіз. Сұйықтықты басқа ыдысқа құйып қойыңыз да, төкпеңіз, көк шөпті блендермен ұсақтаңыз. Сұйықтықты кәстрөлге қайта құйыңыз, салқындатып алыңыз. Балықты сотейникке салып, 150 мл су құйыңыз, тұздаңыз да, 15 минуттай қақпақтың астында пісіріңіз. Бөлме температурасына дейін суытып алып, кішкене бөліктерге сындырыңыз. Көк пияз, аскөк және сарымсақты ұсақтап тураңыз да, текшелеп кесілген қиярды қосыңыз, тұздаңыз және езгішпен езіңіз. Осы қоспаны қымыздық пен қалақайы бар кәстрөлге қосыңыз да, квасты құйыңыз. Көк көжені тоңазытқышқа 1 сағатқа қойып қойыңыз. Тәрелкелерге құйып, балықтың бөліктерін қосыңыз.