Түскі асқа фастфуд, кешкі астан улану
Алматылық студенттер қалай тамақтанады?
Қазақстандық студенттердің көпшілігі тұрақты тамақтанбайды және толыққанды түскі астың орнына фастфуд тұтынғанды жөн көреді. Мұның арты улануға, денсаулықтың нашарлауына, кейін ас қорыту аурулары мен қатерлі ісікке алып келіп жатады.
2019 жылы Қазақстан дұрыс тамақтанбау кесірінен тіркелген өлім көрсеткіші бойынша ТОП-10 мемлекет тізімінде тоғызыншы орын алды. Иә, бұл мақтануға тұратын нәтиже емес.
Дұрыс үйлестірілмеген тамақтану асқазан-ішек жолдары ауруларының пайда болу қатерін арттырады, дәрумен жетіспеушілігін, сүйек пен буын ауруларын тудырады, жүрек және тамыр ауруларының асқынуына себепші болады.
Сарапшылардың айтуынша, жастардың арасында дұрыс тамақтануды насихаттауды қазір бастап кету керек.
«Алматы студенттерінің көпшілігінде асқазан-ішек жолдарына қатысты проблема бар, гастрит, ойық жара, панкреатит және аллергия жиі кездеседі. Деніміздің саулығы, өміріміздің ұзақтығы, иммунитет мен зат алмасу жүйесінің жағдайы дұрыс тамақтанумен тікелей байланысты. Егде тартқан шақта қатерлі ауруларға ұшырамаймын десеңіз, жас кезде ойлану керек», – деп санайды «Зиянды төмендетудің Қазақстан қауымдастығының» төрайымы Бақыт Түменова.
2019 жылдың қазан айында Алматыдағы жоғарғы оқу орындары мен колледждерде зерттеу жүргізілді. Оған мыңнан астам студент қатысты. Зерттеуді ұйымдастырушылар студенттерден дұрыс тамақтану жайлы не білетіні, қаншалықты жиі тамақтанатыны, не тұтынатыны, асқазан-ішек жолдарына байланысты қандай проблемасы барлығы туралы сауалнама алды.
Зерттеу белгілі бір дәрежеде күтілген нәтиже көрсетті: студенттер тамақтануға жеңіл-желпі қарайды, маңыз бере бермейді, бірақ көпшілігінде ас қорыту проблемалары қазірдің өзінде бар екен. Сондықтан бұл мәселені көп ұзатпай қолға алмаса, жағдай тек ушыға бермек.
СТУДЕНТТЕРДІҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫНДА ОЙЫҚ ЖАРАНЫҢ ПАЙДА БОЛУ ҚАТЕРІ БАР
Студенттердің 80%-ы дұрыс тамақтану ережелерімен таныс, алайда көпшілігі тұрақты тамақ ішпейді және күніне 3 реттен аз тамақтанады. Олардың 36%-ы фастфуд ала салғанда жөн көреді, ал 10%-ы тек фастфуд жейді. Жартысынан астамы түрлі уақытта және тұрақсыз түрде тамақ ішеді. Үштен бірінің денсаулығында дұрыс тамақтанбауға байланысты кінәрәт бар. Ең жиі кездесетін проблема – астан улану: студенттердің жартысынан көбінде мұндай жағдай болған. Екінші орында гастрит, ойық жара, панкреатит секілді асқазан-ішек жолдары аурулары тұр.
ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ АЛЫНБАС ҚАМАЛ ЕМЕС
Дұрыс тамақтанудың аса маңызды екенін бәріміз білеміз. Алайда зерттеу білу мен сол білімді өмірде қолданудың бір емес екенін көрсетіп отыр.
Дұрыс тамақтану – бірінші кезекте үйлесімді тамақтану. Оған дәнді дақылдар, көкөніс, жеміс, ет секілді қажет өнімдер кіреді. Сонымен қатар тұрақты түрде тамақ ішіп отыру керек: ересек адам дастархан басына күніне 4-5 рет отырғаны жөн, сонда ағза күн бойы өзіне қажет элементтерді алып отырады.
Дұрыс ойластырылған рационда ақуыз, май және көмірсу келесідей үйлестірілген: ақуыз – 30-40%, май – 20-25%, көмірсу – 40-50%.
Мінсіз әлемде адамдар дәл осылай тамақтанады. Алайда біздің өмірде қарын толтыратын мейрам-тойлар бар, дүкендегі тәтті-пәттіні, сөлі сорғалаған бургерді айналып тағы өте алмайсың, ал картоп фридің жөні тіпті бөлек… Мұндай дәмді дүниелер бар кезде бидай бүршігі мен жеңіл ботқаға кім қарасын?
Сондықтан зиянды төмендету тұжырымдамасының айтатыны: «бас тартпа және тыйым салма» дейді. Тек чипс алсаңыз, күнде емес, аптасына бірнеше рет қана жеңіз. Таңғы асқа бутерброд жеп, шәй іше салмай, құнарлырақ тағам тұтыныңыз. Тамақтағы тұз бен қант көлемін біртіндеп азайтыңыз, трансмайдан аулақ болуға тырысыңыз (ол маргарин, рафинадталған май, арзан жартылай фабрикаттардың құрамында кездеседі). Күніне ең болмаса бір күрішке су ішіп тұрыңыз.
Кей өнімді алмастырып жіберуге болады. Мысалы, қанттың орнына бал, стевия, топинамбура шәрбәті және басқа қанталмастырғыштарды пайдалана аласыз.
Ең болмаса осы ережелерді ұстанып отыру жүрек, қан айналымы ауруларының, диабет пен қатерлі ісіктің асқыну қатерін азайтады.
МӘСЕЛЕ МӘДЕНИЕТ ПЕН ТӘРБИЕДЕ
Шындығын айтайық, Қазақстанда тамақтану дәстүрі әлі қалыптасып үлгерген жоқ, ал дәстүрлі тағамдар негізінен еттен және сүт өнімдерінен тұрады – мұны үйлесімді рацион деп атау қиын.
Бақыт Түменованың айтуынша, бұған дейін оқушыларға арнап дұрыс тамақтану ережесін енгізуге қатысты әрекеттер болған. Тіпті бүтіндей бір жүйе жасақталып, мектептерде қолданылыпты. Алайда сұйық, қою тағам және салат жеудің орнына балалардың көбі буфеттен чипс немесе басқадай зиянды тағам сатып ала салғанды жөн көреді екен. Бұл көп жағдайда үйдегі тәрбие-дағды және ата-ананың оқушы тамақтануына қаншалық мән беретінімен тікелей байланысты.
Әрине, әдет пен мәдениет жалғыз фактор емес. Ауыл шаруашылығының даму деңгейі де үлкен рөл ойнайды. Түптеп келгенде, мемлекет осы саладағы инновацияларды қаржыландырып, фермерлерге қолдау білдіріп отыруға тиіс. Шаруалар көкөністі барынша экологиялық ортада және аз-аздан өсіреді, сондай-ақ химия тыңайтқыштарын пайдаланбайды, бұл өнімнің пайдасын сақтауға көмектеседі. Ауыл шаруашылығындағы инновациялар фермерлікті танымал ете түседі, сәйкесінше сапалы тағамның қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.
Дұрыс тамақтанбаудың кең таралуына маркетинг те ықпал етіп отыр: балалар мен жасөспірімдер көп ретте қанты, тұзы және майы көп тәтті сусын, чипс, шоколад, кәмпит, дайын таңғы ас секілді өнімдердің негізгі аудиториясы саналады. Жаздың ыстық күнінде кімнің газды су сатып алғысы келмейді дейсің?
ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАУДЫҢ КЕСІРІНЕН ЖЫЛ САЙЫН 11 МИЛЛИОН АДАМ ӨЛЕДІ
Бұл мәселе қазір әлемдік проблемаға айналды. Кей мемлекет оны шешудің жолдарын қарастырып та жатыр. Ал біз секілді тағы бір елдер нашар тамақтанудың зиянын қалай азайтуға болатынын түсінуге тырысуда.
Ресейде жүргізілген зерттеу Қазақстанға ұқсас жағдайды көрсетіп отыр: сауалнамаға қатысқандардың 60%-дан астамы таңертең шәй ішіп, бутерброд жейді, студенттердің төртен бірі күніне 1-2 рет қана ауқаттанады және белгілі бір уақытта ғана тамақ ішіп әдеттенбеген. Кешкі асқа көбіне дәл ұйқы алдында отырады.
АҚШ студенттері де дұрыс тамақтанудың маңызын өте жақсы түсінеді. Бірақ олар да біздің жастар секілді бұл білгенін күнделікті өмірде қолданбайды. Дұрыс тамақтану ережелерін сақтамаудың себебі АҚШ-та да, Ресейде де, Қазақстанда да ұқсас: тұрақты бір уақытта тамақ ішпеу, тәттіні, тұзды және майлы тамақты көп жеу, артық тамақ ішу, таңғы асқа отырмау.
ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС АЗ-АЗДАН БАСТАЛАДЫ
Жүріс-тұрыс пен әдет-дағдыны бір-ақ сәтте өзгертуге болмайды. Аяқ асты дұрыс тамақтануға кірісіп кету, саламатты өмір салтын ұстану немесе спортпен айналысу ешкімнің қолынан келмейді. Бұл суперқаһармандарға ғана тән, ал біз кішігірім әлсіз қасиеттері бар қарапайым жандармыз. Сондықтан қазіргі өмір салтының зиянды салдарын мүлдем жоймай, біртіндеп барынша азайтуға тырысу аса маңызды.
Алғашқы қадам үлген өзгерістерге алып келеді. Ойлағанды біртіндеп жүзеге асыру – тұрақтылықтың кепілі.