
Глютен дегеніміз не және одан бас тартудың қажеті бар ма?
8 сұрақ
Глютен дегеніміз не?
Негізінен қандай өнімдерде глютен көп кездеседі?
Глютен өздігінен барлық адамдарға зиянды ма?
Целиакия дегеніміз не?
Неліктен глютенсіз өнімдер қымбаттырақ келеді?
Глютен семіздікті тудыра ма?
Глютеннен бас тарту зиян келтіруі мүмкін бе?
Тұтас дәнді астық тұқымдастардан бас тартқанда ағза қандай дәрумендерді жоғалтады?
Бүгінде глютенсіз диета нағыз трендке айналып отыр. TikTok пен Instagram желілерінде блогерлердің глютеннен бас тартудан кейінгі «ғажайып нәтижелерімен» бөлісетін бейнежазбалары көптеп кездеседі: салмақтың төмендеуінен бастап, терінің күйі мен күш-қуаттың жақсаруына дейін. Лайқос глютенсіз өмірдің соншалықты таңғажайып па, әрі оны ас үлесінен баршаға бірдей алып тастаудың қажеті бар ма екендігін анықтап білді.
Глютен дегеніміз не
Глютен – бұл ақуыз, әрі ол астық тұқымдастардың құрамында кездеседі: бидай, қарабидай, арпа. Тұрмыста оны дәнмаңыз деп атайды – дәл соның арқасында қамыр анағұрлым созылмалы, ал нан – жұмсақ және үлпілдек болып шығады.
Қай уақытта глютен қауіпті
Адамдардың көбі үшін глютен мүлдем зиянсыз болып келеді. Негізінен барлық түйткілдер екі жағдайда ғана пайда болуы мүмкін:
- Целиакия – бұл глютеннің, тіпті, кішкентай мөлшерінің өзі ішекті зақымдайтын аутоиммундық ауру. Мұндай адамдардың саны әлем бойынша шамамен 1% құрайды, әрі олар үшін жалғыз жол – өмір бойы глютенсіз қатаң диетаны ұстану болып отыр.
- Глютенді көтере алмау (глютен-сенситивтілік) – целиакиямен салыстырғанда анағұрлым жиірек кездеседі. Белгілері – іштің кебуі, ауырсыну, құрамында глютені бар тағамдардан кейін шаршағандықты сезіну.
Егер сізде осы түйткілдердің біреуі болмаса, онда глютен зиянды емес.
Адамдардың бәріне глютеннен бас тарту керек пе?
Жоқ. Глютенсіз өнімдер тек қана оны көтере алмайтын адамдарға ғана пайдалы. Қалғандарға бұл өнімдерден бас тарту, тіпті, зиян келтіруі де ықтимал. Өйткені тұтас дәнді бидайдан жасалған нан, жармалар мен макарондар – бұл жасұнықтың, В тобының дәрумендері, темір мен магнийдің маңызды қайнар көзі болып саналады. Глютенді ас үлесінен себепсіз, әшейін алып тастаған кезде ағзаны осы заттектерден айыру оңай. Сонымен бірге көбіне-көп глютенсіз өнімдер әлдеқайда қымбат тұрады және дәмді теңгеру мақсатында олардың құрамындағы қант немесе майлардың мөлшері көбірек болатыны жиі кездесетін жайт.
Глютен туралы дақпырттар
Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен маркетинг тарапынан белсенді түрде дамытылып отырған алуан түрлі дақпырттар саны көбейген. Ең кеңінен таралғандардың бірі – нақ осы глютеннің семіздікті тудыратыны жайлы сенім. Дегенмен мына бір жайтты түсінген маңызды: адамдардың көбінде бұл әсерлер, шын мәнісінде, жалпы тамақтанудың өзгеруімен байланысты – адамдар фастфудты, нан мен тәтті тағамдарды азырақ жейді. Демек, бұл тұста глютен емес, өмір салты кінәлі болып шығады.
Екінші бір кеңінен таралған дақпырт – глютенсіз тамақ анағұрлым пайдалырақ. Алайда бұл мүлдем олай емес: «gluten free» деген жазуы бар көптеген өнімдер күрделі өнеркәсіптік өңдеуден өтеді, әрі кәдімгі аналогтармен салыстырғанда олардың құрамындағы қант, майлар мен дәм күшейткіштер көбірек болады. Нәтижесінде адам салауатты балама тамақты жеп жүрмін деп ойлап жүргенде, керісінше, бос калорияларды әлдеқайда көбірек тұтынып, пайдасы аз нұсқаға тап болуы мүмкін.
Қашан тексерілген дұрыс?
Егер нан, макарон немесе тәтті пісрмелерден кейін сізде үнемі ауырлық сезімі, іштің кебуі, іш өту немесе түсініксіз бір шаршағандық пайда болса, гастроэнтерологтың көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Дәрігер целиакия немесе сенситивтілікке талдама тапсыруды тағайындайды және глютеннен бас тартудың қажеті бар ма, әлде жоқ па екендігін айтады.
Қорытынды
Глютен – бұл дұшпан емес. Бұл қарапайым өсімдік ақуызы, әрі көптеген адамдардың оған деген шамасы келеді. Одан тек медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана бас тарту керек. Қалған жағдайда теңдестірілген тамақтануды ұстану әлдеқайда маңыздырақ: тұтас дәнді өнімдер, көкөністер, ақуыздарды тұтыну және де тәтті тағамдарды жегенде ұстамдылық таныту.