Асықты жілік, сан ет, жамбас: ұзақ өмір сүру үшін қызыл ет жайлы не білу керек?
Бала кезден «ет жеу керек» дегенді естіп өсеміз, себебі етте ақуыз да, дәрумен де, маңызды микроэлементтер де кездеседі-мыс. Оның үстіне тіл үйірер дәмі бар, тойымды, дайындау да оңай. Керемет-ақ естіледі. Алайда қазақстандықтардың сүйіп жейтін бұл тамағына келгенде тағы не білген жөн?
Қызыл ет деген не? Бұл – сиыр, тайынша, қой, жылқы, ешкінің бұлшық ет ұлпасы. Қызыл ет – шын мәнінде ақуыз мен дәруменнің (жекелей алғанда, тек жануардан жасалған тамақта кездесетін В12 дәрумендер тобының) көзі.
Етте сүт өнімдеріне қарағанда йод, ал жаңғақ, бұршақ және көптеген көкөніс түрімен салыстырғанда цинк көп кездеседі. Алайда күніне 90 грамнан артық ет жейтіндерде жүрек ауруларының және қатерлі ісіктің бірнеше түрінің пайда болу қатері артады деген де пікір бар. Қорқынышты ма? Анықтап көрейік.
ҚЫЗЫЛ ЕТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАТЫСЫ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, қызыл ет жеу колоректал ісігінің (тоқ ішекте кездеседі), сонымен қатар ұйқы безі мен простата онкологиясының пайда болуына алып келуі мүмкін екен.
Қызыл ет «адам үшін канцероген болуы ықтимал» саналатын азық-түлік тобына кіреді. Ал ет өнімдері (сосиска, ветчина, колбаса, ет консервілері және басқа өңделген еттен жасалған тағамдар) 1-топта, яғни «адам үшін кацерогенді» саналады. Бұл топта, мәселен, темекі мен асбест те бар.
Обыр – күрделі ауру. Әдетте қатерлі ісіктің пайда болуына жауапты нақты бір факторды бөле-жара атау мүмкін емес. Алайда тоқ ішекке қатысты жүргізілген зерттеулер ет пен аурудың бір-біріне тікелей қатысты екенін көрсетіп отыр: тоқ ішектегі қатерлі ісік етте кездесетін гетероциклді аминдер (HCAs) мен Н-нитрозобайланыстар (NOCs) кесірінен пайда болады. Айтпақшы, бұл байланыстар санының етті пісіру кезінде артатынын атай кету керек.
Қатерлі ісіктің өзге түрлері етте бар канцерогендер мен басқа да химикаттардың, мәселен, ауыр металдардың себебінен асқынуы мүмкін. Мәселен, қызыл еттің құрамындағы холестерин тек ұйқы безі мен простатада ғана емес, кеуде обырында да жасушалар санының артуына «көмектеседі» деп саналады.
ДДСҰ «Аурулардың жаһандық ауыртпалығы» (Global Burden of Disease Project) атты тәуелсіз жобаға сілтеме жасай отырып, бір жыл ішіндегі қатерлі ісіктен келген кемінде 74 мың өлім қызыл ет тұтынумен тікелей байланысты деп мәлімдейді.
ЕТ ЖҮРЕК АУРУЛАРЫН ҚАЛАЙ АСҚЫНДЫРАДЫ?
Басқа тамақ түрлеріне қарағанда қызыл етте холестерин көбірек кездеседі. Холестерин – адам тәнінің жасуша өсіміне көмектесу үшін бөлетін компоненті. Жекелей алып қарастырғанда, холестеринде тұрған ештеңе жоқ, ол басқа микроэлементтер секілді біздің ағзаға көмектеседі. Алайда оның көлемі қалыпты деңгейден асып кетсе, жағдай қиындауы мүмкін.
Бұлай болған күнде артық холестерин күретамырларды бітей бастайды, мұндай процесс атеросклероз деп аталады. Жүрек тамырларының атеросклерозы, мәселен, ишемиялық ауруға алып келеді – бұл сырқат 40 жастан асқан адамдар өлімінің басты себебінің бірі болып отыр.
Оксфорд ғалымдары бір жарым миллионнан астам адамның тамақтануын отыз жылдай уақыт бойы бақылап отырған. Зерттеу нәтижесінде олар қызыл етті көптеп жеу жүрек ауруларының пайда болу қатерін 18%-ға арттыруы мүмкін екенін анықтаған. Алайда мұндай жағдай тауық еті мен балық жейтіндердің арасында байқалмапты. Қолда бар мәліметтерге сүйенген ғалымдар аурудың асқынуына қызыл етте кездесетін холестерин ғана емес, өңделген етке май мен тұздың тым көп қосылатыны да себепші дейді.
ДДСҰ мәліметінше, жүрек ауруларынан жыл сайын 18 миллиондай адам қайтыс болады. Бұл жағдайдан құтылудың бірнеше тәсілі бар, соның бірі – біз төменде сөз қылған дұрыс тамақтану жүйесіне көшу.
ЕТ ЖӘНЕ БАСҚА АУРУЛАР
Гарвард медицина мектебінің зерттеуінде қызыл еттің диабетке де алып келуі мүмкін екені айтылады. Енді бір зерттеулер ет жеу мен бүйректегі тасты байланыстырады. Қатерлі ісік пен жүрек ауруларының жағдайында айтылғандай, бұған тек еттің өзі ғана емес, оны дайындау кезінде өсетін зиян процестер де себепші.
БҰЛ НЕ БІЛДІРЕДІ?
Әділін айту керек, түрлі күрделі жағдай үшін қызыл және өңделген етті кінәләй беру қазір біршама басылды және дәлелдің жетіспейтіні, қосымша зерттеулердің қажет екені жайлы мәлімдеген ғалымдар көбейді. Алайда дәрігерлердің еттен келуі мүмкін зиянды азайтуға қатысты бірнеше кеңесін қаперде ұстаған дұрыс.
Мәселен, күніне 100 грамнан аспайтын ет (өңделген болса, ары кетсе 65 грамм) жеу кеңес етіледі. Бұл – аптасына шамамен көлемі орташа үш стейк.
Тауық еті мен балықта холестерин әлдеқайда аз, оның үстіне фосфор, омега-3 секілді біздің ағза үшін маңызды нутриенттерге бай.
Ноқат, тофу секілді жануар тағамдарына жатпайтын ақуыз көздері холестерин тұрғысынан мүлдем қауіпсіз. Сондай-ақ зертханаларда бағана жасушасынан жасалатын жасанды ет те айтарлықтай қауіпсіз болады деп күтілуде. Тек адамзаттың оны көптеп шығаруды үйренгенін күту ғана қалды.
Сонымен қатар ет пен түрлі аурулардың байланысы жайлы көптеген зерттеуде етті аз жегендердің көкөністі көптеп тұтынғаны ескерілмегенін де айта кету керек. Ал жасұныққа бай көкөніс пен жеміс-жидек қатерлі ісік профилактикасына көмектеседі. Яғни етсіз өмір сүре алмайтын адам болсаңыз да, денсаулығыңызды нығайта аласыз, ол үшін өсімдік тағамдардан ұмытпаған жөн. Және мына ережені ұстаныңыз: тәрелкеңіздің төрттен бірінде ет, ал қалған төрттен үшінде жарма өнімдері мен көкөніс болғаны дұрыс.
Аударған Димаш Зиядин
Фотосурет дереккөзі Shutterstock