Азық-түліктің заттаңбаларын қалай оқу керек: құрамын анықтаймыз және «Е» әрпінен қорқуды қоямыз

Азық-түліктің заттаңбаларын қалай оқу керек: құрамын анықтау мен «үрейлі» атаулардан қорықпау

Е-қоспалар, белгісіз химиялық атаулар мен ингредиенттердің ұзын тізімі. Лайқос азық-түліктің құрамын қалай оқу керектігі, қандай ингредиенттер шынымен де маңызды екендігі мен, ең алдымен, не нәрсеге назар аудару қажеттілігі жайында әңгімелейді.

Құрамнан бастаңыз

Қаптамадағы ингредиенттер мөлшерінің азаюы ретімен жазылады. Яғни, бірінші орындарда – өнімде ең көп болатын компоненттер көрсетіледі. Мәселен, егер үлпектің құрамында қант бірінші орында тұрса, бұл қорапты сөреге қайтарудың нағыз себебі. Ал егер бірінші ингредиент қатарында тұтас дәнді дақылдар болса, ал қант тізімнің соңына жақын болса, дәл осы үлпектерге артықшылық берген дұрыс.

Қанттың әртүрлі атаулары кездеседі

Қаптамада «қант» деген сөз әрдайым кездесе бермейді. Өнімнің құрамында глюкоза шәрбатын, фруктоза шәрбатын, декстрозаны, мальтозаны, инвертті қант шәрбаты мен басқа да қосылған қанттардың түрлерін байқауға болады. Алайда олардың әрқайсысы автоматты түрде зиянды бола бермейді. Бұл тұста қосылған қанттың жалпы мөлшері мен азық-түліктің сіздің ас үлесіңізде қандай орын алатынын бағалаған маңызды.

Ерекше назарды тәтті сусындарға, тәтті тағамдарға, тұздықтарға, дайын таңғы астар мен құрамында қант мөлшері шамадан тыс көп болуы мүмкін басқа да өнімдерге аударған абзал.

«Е» әрпінен қорықпаңыз

E300, E330 немесе E440 секілді таңбалану көбінесе қорқынышты көрінеді, дегенмен «Е» әрпі «зиянды химиялық зат» дегенді білдірмейді. Бұл тамақ өнеркәсібінде қолдануға рұқсат етілген тағамдық қоспаларды белгілеу жүйесі. Олардың ішінде антиоксиданттар, қышқылдықты реттегіштер, қоюлатқыштар, тұрақтандырғыштар, бояғыштар және басқа да заттар бар.

Мәселен, E300 – аскорбин қышқылы, яғни, С дәрумені, ал E330 – лимон қышқылы. Сондықтан «Е-ден басталатынның барлығы да зиянды» деген ереже – нағыз дақпырт. Нақты заттектің өзі, оның мөлшері және белгіленген тұтыну деңгейіндегі қауіпсіздігі ғана маңызды.

Консерванттар жайлы не дейміз?

Консерванттар микроағзалардың өсуіне жол бермейді, әрі өнімдердің сақтау мерзімін ұзартуға көмектеседі. Олардың бар болуы өнімнің қауіпті екендігін білдірмейді, сонымен бірге консерванттары жоқ өнім міндетті түрде пайдалырақ деген сөз емес. Оның құрамында көп мөлшерде қант, тұз немесе қаныққан майлар болуы ықтимал, алайда қаптамасы әлдеқайда «табиғи» көрінуі әбден мүмкін. Сондықтан «консерванттары жоқ» деген жазу өнім сапасына мүлдем кепілдік бермейді.

Тағамдық құндылығына қараңыз

Құрамын қарап шыққаннан кейін тағамдық құндылық кестесіне өтіңіз. Бірінші кезекте қанттарға, қаныққан майларға, тұзға, жасұныққа, ақуыз бен жалпы калориялығына назар аударғаныңыз жөн. Бұл тұста да «калория аз = пайдалы» деген секілді әмбебап қағидат жоқ. Мысалы, жаңғақ айтарлықтай дәрежеде калорияға бай, алайда ол қанықпаған майлардың, ақуыздың, жасұнық пен микроэлементтердің нағыз көзі.

Өнімдерді 100 грамға шаққанда салыстырыңыз

Өндірушілер тым аз порцияны көрсетуі мүмкін, осының арқасында бір порциядағы қант немесе тұз мөлшері тіптен мардымсыз болып көрінеді. Дегенмен өнімдердің құрамын 100 г шаққанда салыстыратын болсақ, айырмашылық әлдеқайда түсінікті бола түседі. Мәселен, екі йогуртты таңдай отырып, олардың қант және ақуыз мөлшерін дәл сол 100 г-ға салыстырыңыз. Осылайша қандай өнім құрамы жағынан шынымен де ерекшеленетінін ұғыну оңайырақ.

Қаптамадағы сөздерге сенбеңіз

«Фитнес», «табиғи», «фермерлік», «қанты жоқ», «пайдалы», «light» – бұл өнімді әрдайым объективті түрде бағалауға мүмкіндік беретін сипаттамалар болып келмейді. «Қанты жоқ» деген жазуы көрсетілген өнімнің құрамында майлар немесе тәттілендіргіштердің мөлшері көп болуы бек мүмкін. Ал «табиғи» бірден калориялардың аздығын білдірмейді.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.