Пиццаға арналған мінсіз қамырды дайындаңыз: кеңестер мен рецепттер - Лайқос

Пиццаға арналған мінсіз қамырдың рецепті: үй жағдайында дайындаудың құпиялары

Үй жағдайында пицца жасау – бұл нағыз өнер, әрі мұнда дұрыс әзірленген қамыр ең маңызды рөлді атқарады. Дәл осы қамырға текстура, дәм және, тіпті, пиццадан алған жалпы әсердің өзі де байланысты болып келеді. Пиццериядағыдай пиццаға арналған қамыр – бұл дақпырт емес, бұл кәдімгі қолжетімді нәрсе, тек ол үшін дайындаудың құпияларын білген жөн. Лайқос үйіңізде пиццаға арналған тура Италияның үздік мейрамханаларындағы пицца секілді жұқа және қытырлақ келетін дәмді қамырды илеудің құпиясымен бөліседі.

Пиццаға арналған мінсіз қамыр: негіздері

Пиццаның негізі – бұл бес басты ингредиенттің өзара әрекеттесуінің нәтижесі, әрі онсыз қамырды илеу мүмкін емес, олар: ұн, су, ашытқы, тұз және май. Осы компоненттердің дұрыс үйлесімділігі мен ұсақ-түйек нәрселерге назар аудара білу іші жұмсақ, ал сырты қытырлақ келетін пиццаға арналған мінсіз қамырға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Пиццаға арналған қамырдың негізгі ингредиенттері:

  • Ұн. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жоғары сұрыпты бидай ұнын қолдану ұсынылады, әрі оның дәнмаңызы жоғары болғаны абзал. Бұл қамырға қажетті иілгіштік қасиетті береді.
  • Су: ашытқыны «өлтірмей», оны белсенді қылу үшін су ыстық емес, жылы болуы тиіс.
  • Ашытқы: жылдам еритін ашытқы, әрине, үдерісті әлдеқайда тездете түседі, алайда пиццаға арналған қамырдың классикалық рецептісі айқын дәм алу үшін жаңа ашытқыны пайдалануды талап етеді.
  • Тұз: дәм береді және қамырдың «қашып кетпеуі» үшін ашытқының көтерілуін бақылайды.
  • Зәйтүн майы: қамырға жұмсақтық береді, ал пісірген кезде жеңіл қытырлақ қабықшаға жеткізеді.

Үйдегі пиццаға арналған қамырдың рецепті

Ингредиенттер

  • Ұн – 500 г
  • Су – 300 мл
  • Ашытқы – 10 г жаңа немесе 5 г құрғақ
  • Тұз – 1 шай қ.
  • Зәйтүн майы – 2 ас қ.

Қадамдық нұсқаулық

  1. Ашытқыны белсенді қылу. Егер жаңа ашытқыны қолдансаңыз, онда оны кішкене қант (шамамен 0,5-1 шай қасық) қосылған жылы суға ерітіп алыңыз және көбік пайда болғанға дейін 10 минутқа қалдыра тұрыңыз. Ал егер дүкеннен тек құрғақ ашытқыны тапқан болсаңыз, онда бұл қадамнан аттай салып, ашытқыны бірден ұнға қосуға болады.
  2. Ингредиенттерді араластырамыз. Үлкен табаққа ұнды електен өткізіңіз (екі рет өткізсеңіз де болады), тұз себіңіз. Ортасында шұңқырша жасап алыңыз да, құрғақ ашытқы мен суды қосыңыз немесе ашыған ашытқы мен оған қоса қалған суды құйыңыз. Араластырыңыз және май қосыңыз.
  3. Қамырды илейміз. Қамырды ұн себілген үстелдің үстіне қойып, оның тегіс және иілгіш болғанға дейін 10-15 минут (кем дегенде сегіз минут – бұл минималды уақыт) бойы илей беріңіз.
  4. Көлемі үлғаюы үшін қамырды қалдырамыз. Қамырды аздаған зәйтүн майымен майланған табақтың ішіне салыңыз да, бетін сүлгімен жабыңыз және көлемі ұлғаюы үшін 1-1,5 сағатқа жылы жерге қойып қойыңыз. Кейбіреулер ыдыстың бетін тағамдық үлдірмен жабуды жөн көреді, алайда біз ескі әдіс, яғни, сүлгіні пайдалануға кеңес берер едік.
  5. Негізін қалыптастырамыз. Қамыр көтерілген кезде оны илеп, екі жартыға бөліп қою керек. Екінші бөлігін бірден мұздатқышқа сала салсаңыз әбден болады, ал сосын қолдың пиццасын тағы да дайындағыңыз келген кезде қайтадан шығарарсыз. Қамырдың жартысы қалыпты 28 см-лік пиццаға жеткілікті болмақ. Қамырды жіңішке қабат етіп жайыңыз, бірақ ішінде пайда болған ауа көпіршіктерін езбеуге тырысыңыз.

Пиццаны дайындау бойынша кеңестер мен ұсынымдар

  • Дұрыс температура. Ашытқы тиімді жұмыс істеуі үшін судың температурасы шамамен 35-40 градус болуы тиіс.
  • Жұмсақтық пен қытырлақтық. Мінсіз қытырлақ қабатқа қол жеткізу үшін пиццаны жақсы қыздырылған тұмшапеште пісіргеніңіз абзал (температура 220°C кем болмауы керек).
  • Қамырдың «демалу» уақыты. Қамыр неғұрлым ұзақ уақыт көтерілсе, дәмі де соғұрлым терең болады. Егер уақытыңыз болса, қамырды «демалу» үшін бір түнге тоңазытқышта қалдырсаңыз болады – бұл жағдайда ол «қашып кетпейді», дегенмен таңертеңге қажетті кондицияға дейін жетеді.

Қорытынды

Пиццаға арналған мінсіз қамыр күрделі ингредиенттер немесе технологияларды емес, ең бірінші кезекте, сіздің ұсақ-түйек нәрселерге ерекше көңіл қойып дайындағаныңызды қажет етеді. Біз ұсынған рецептімізді ұстанып дайындасаңыз, сіз кез келген салма – саңырауқұлақ, ет, қызанақ, тіпті, ананас үшін де керемет қосымша бола алатын жұқа және қытырлақ негізді ала аласыз. Пиццаны үйіңізде жасап көріңіз, сонда оның пиццерияда ұсынылатын түрінен еш кем түспейтініне көз жеткізетін боласыз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]