
Шикілей жеу: шикі тамақтың пайдалырақ екендігі рас па?
Шикі тамақтануды жақтаушылар мұндай ас үлесінің арықтауға көмектесетініне, ас қорытуды жақсартатыны мен дәрумендерді көбірек сақтайтынына сендіреді. Алайда бұл шын мәнісінде солай ма? Әрі жылдар бойы тек шикі тамақ жеу зиянды емес пе? Лайқос ғылымның не дейтінін анықтады.
Шикілей жеу дегеніміз не
Бұл азықтың басым бөлігі термиялық өңдеуден өтпейтін тамақтану. Оның негізінде – көкөністер, жемістер, көк шөптер, жаңғақтар, тұқымдар, өскіндер мен бұршақ тұқымдастар болады. Біреулер, тіпті, шикі балық, ет және жұмыртқаға жол берсе, енді біреулер жануарлардан алынатын тағамдардан мүлдем бас тартады. Ең қатаң нұсқаларында ас үлесінің 90% астамы шикі күйінде қалады.
Артықшылықтары: жасұнық көп және калория аз
Мұндай ас үлесі әдетте жасұныққа, С дәруменіне, фолатқа, магнийге және басқа да пайдалы заттектерге бай болып келеді. Дегенмен мұндағы мәселе тағамның шикілігінде емес, ас үлесіндегі өсімдік тағамдарының көптігінде жатыр.
Шикі көкөністер мен жемістердің құрамында су мен жасұнық мөлшері көп, сол себепті оларда көлемге деген калориясы аз. Белгілі зерттеулердің бірінде 513 адам шамамен 3,7 жыл бойы қатаң түрде шикі тағаммен тамақтанған. Ерлер орта есеппен алғанда 9,9 кг, ал әйелдер 12 кг арықтаған еді. Алайда ерлердің 14,7% және әйелдердің 25% дене салмағының индексі нормадан (18,5) төмен түскен. Алаңдататын жайт: 45 жасқа дейінгі әйелдердің шамамен 30% етеккірдің тұрақты еместігін немесе мүлдем келмейтінін хабарлады. Диета неғұрлым қатаң болған сайын салмақтың жетіспеушілігі мен циклдің бұзылуы соғұрлым жиі кездесетін.
Ал дәрумендер шынымен көбірек пе?
Әрдайым емес. Қыздыру барысында кейбір заттектер шынымен де бұзылады, мәселен, С дәрумені. Дегенмен тамақ пісіру, керісінше, басқа заттардың сіңірілуіне көмектесе алады. Осылайша қызанақтан алынатын ликопин шикі күйінде емес, дәл осы термиялық өңдеуден өткен соң әлдеқайда жақсы сіңіріледі.
Басты қауіп – нутриенттердің жетіспеушілігі
Тағамның 90% астамы шикі болатын диетаны ұзақ уақытқа ұсынуға болмайды: тапшылық қаупі тым жоғары. Шикі тамақ жеу неғұрлым қатаң болса, барлық қажетті заттектерді – әсіресе ақуыз, В12 дәрумені, темір, кальций, йод, D дәрумені мен омега-3 алу соғұрлым қиын болады.
Сүйекке не болады?
Ұзақ уақыт бойы шикі тамақ жеген кезде сүйектердің тығыздығы төмендеуі мүмкін – әсіресе омыртқа жотасы мен жамбас буындарында. Мұның себебі – калориялардың, ақуыз бен минералдардың жетіспеушілігі.
Ал ас қорыту ше?
Жасұнық мөлшерінің көп болуы – жалпы алғанда ішекке пайдалы. Алайда адам кенет көп мөлшердегі шикі көкөністер мен жемістерді жеуге көшсе, әсіресе бұрын өсімдіктен жасалған тамақты аз тұтынғандарда іштің кебуі мен жайсыздық басталуы мүмкін. Оның үстіне пісіру тамақты жұмсақ әрі қорытуға жеңіл етеді. Сондықтан әркімнің реакциясы әртүрлі болуы ықтимал.