Біздер алмастырамыз
Тәтті өмірден айырылмай-ақ, қанттан бас тартудың жолы
Әртүрлі медицина мамандықтарының иелері – иммунологтан бастап психиатр мен косметологқа дейін – заманымыздың басты тағамдық есірткісін ұмытуға шақырады. Тәтті құмарларға деген қамқорлықпен «Лайқос» табиғи және синтетикалық болып бөлінетін басты қант алмастырғыштар туралы нұсқаулықты құрастырды.
СОРБИТ (Е420)
- табиғи
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – 10 г
Тұңғыш рет тоңазытылған жидектер мен шитен жапырағынан алынған болатын. Сонымен қатар алма, өрік және, тіпті, теңіз балдырының құрамында да кездеседі. Қант алмастырғыш түрінде глюкозаны сутектендіру тәсілі арқылы алады.
Сорбиттің тәттілігі қантқа қарағанда екі есе төмен, ал оның калориялылығы 2,4 ккал/г құрайды. Жүрек айнуы, іштің кебуі және өтуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Кейбір ерекше сезімтал адамдарға жағымсыз әсерлерді сезіну үшін небәрі балмұздақ жеген немесе құрамында сорбиті бар сағызды шайнағанның өзі жеткілікті. Сондай-ақ өт айдайтын қасиетке де ие болып келеді.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: ушыққан ішек синдромы, өт-тас ауруы, тоқ ішектің қабынуы, іш қуысының шеменіне шалдыққан адамдарға және фруктозаны көтере алмайтын жандарға қабылдауға болмайды.
КСИЛИТ (Е967)
- табиғи
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – 30 г аспауы тиіс
Бұл қант алмастырғыш ағаштың табиғи (әдетте қайың) сүрегінен, сонымен қатар жүгері өзегінен алынады. Ксилит адамның ағзасы үшін «туған» заттек болып саналады, өйткені метаболизм үдерісі кезінде күніне 5-15 грамм мөлшерінде бөлініп отырады екен. Медицинада қолданылады: үлкен мөлшерлерде ішті айдайтын қасиетке ие, сонымен қатар өт айдайтын құрал ретінде пайдаланылады. Тістің кіреукесіне жағымды әсер ету қабілеттілігінің арқасында тіс пастасының құрамдас бөлігі ретінде жиі қолданылады.
Тәттілендіргіш ретінде 50 жылдан астам уақыт бойы тұтынылып келеді. Қантпен салыстыра отырсақ, оның құрамындағы калория мөлшері 40%-ға аз және гликемиялық индексі әлдеқайда төмен болады, осы себептен қант диабеті ауруына шалдыққан адамдардың көңілінен шығатыны сөзсіз.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: асқазан-ішек ауруларына аса шалдыққыш адамдарға қабылдауға болмайды.
ЭРИТРИТ (Е968)
- табиғи
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – 45 г аспауы тиіс
Эритритті «қауын қанты» деп атайды, алайда оны табиғи крахмалдан, көбінесе бидай крахмалынан шығарады. Көптеген елдерде эритриттің калориялылығы нөлге тең деп саналады. Ол қантқа қарағанда онша тәтті емес (соңғысының тәттілігімен салыстырсақ, шамамен 70% мөлшерін құрайды), әрі тісжегіні болдырмайды және адам ағзасы оны үлкен мөлшерлерде жақсы көтереді.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: тітіркенген ішек синдромы, дисбактериозбен ауыратындарға қабылдауға болмайды.
СТЕВИЯ (Е960)
- табиғи
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – 40 г аспауы тиіс
Қазіргі заманның ең танымал қант алмастырғыштарының бірі. Оны Азия және Оңтүстік Америка елдерінде кеңінен таралған аттас өсімдік жапырақтарынан экстрагирлеу әдісі арқылы, яғни айырып алады.
Стевия – өте тәтті калориясыз тәттілендіргіш, ол қанттан гөрі 200-400 есе тәтті болып келеді. Кейбір адамдарға «шөптік» дәміне байланысты ұнамайды. Дегенмен заманауи өндірушілер тазарту үдерісін жетілдіре түсіп, осы кемшілікті жоюға тырысып жатыр. Қан диабетімен ауыратын адамдар мен диеталық өмірді жақтайтын жандар үшін өте қолайлы.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: аллергиямен ауыратын және қан қысымы төмен адамдар сақтықпен қабылдауы керек.
АСПАРТАМ (Е951)
- синтетикалық
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – дене салмағының әр кг шаққанда 40-50 мг аспауы тиіс
Бұл ең көп таралған және мұқият зерттелген химиялық қант алмастырғыш. Осы тәттілендіргіштің зияны мен пайдасы турасындағы пікірталастар ұзақ уақыт бойы жүргізіліп келген. Мұның себебі жоғары температураларда ыдырайтын аспартам өте улы метанолды түзіп, содан кейін канцерогенді формальдегидке айналатынында жатыр. Алайда осы тұсқа баса назар аударған зерттеулерде сөз етілген қант алмастырғыштың «қиратпалы» мөлшері тышқандарға берілген болатын.
Бүгінгі таңда тұтынудың барабар деңгейінде, яғни, шектен тыс қолданысқа жол берілмеген жағайда, аспартам мүлдем қауіпсіз екендігі мойындалып отыр. Оның калориялылығы өте төмен, сонымен бірге қарапайым қантқа қарағанда 200 есе тәттірек келеді.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: фенилкетонуриямен ауыратын (мидың зақымдануымен сипатталатын ауыр тұқым қуалайтын ауру) адамдарға қабылдауға болмайды.
СУКРАЛОЗА (Е955)
- синтетикалық
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – дене салмағының әр кг шаққанда 15 мг аспауы тиіс
Қант алмастырғыштың бұл түрін кәдімгі қанттан, «гидроксил топтарын хлор атомдарына алмастыру арқасында сахарозаны хлорлау әдісі арқылы» өндіреді. Осының барлығы қорқынышты естілгенімен, бұл ең қауіпсіз қант алмастырғыштардың бірі.
Ол қанттан 600 есе тәттірек болады, сонымен бірге қандағы қанттың деңгейіне мүлдем әсер етпейді және құрамында калория жоқ. Толыққанды қуат көзі, гипоаллергенді болып саналады, әрі тістерге зиян келтірмейді. Сукралозаның тағы да бір артықшылығы – мұнда басқа бір өзгешеліктерсіз үйреншікті қанттың дәмі ғана бар.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: қарсы көрсетілімге заттекті адам ағзасының жеке қабылдамауы жатқызылады.
САХАРИН (Е954)
- синтетикалық
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – дене салмағының әр кг шаққанда 5 мг аспауы тиіс
Сахарин жасанды жолмен синтезделген тұңғыш тәттілендіргіш атағын мақтанышпен иемденіп жүр. Оны сонау 1879 жылы алған болатын. Әуел баста атнисептик және консервант ретінде қолдануға ұсынылған екен. XX ғасырдың басында қант магнаттарының нұсқауымен газет беттерінде сахарин қуықтың қатерлі ісігінің даму қаупін арттыра алады деп жазған еді. Кейінірек ғалымдар тәттілендіргішті ақтап шығарады – тышқандардағы қатерлі ісіктің дамуын, аспартамға қатысты жағдайындағыдай, өнімнің аса жоғары мөлшерлері тудыруы мүмкін екендігі анықталады. Не дегенмен, Канадада күні бүгінге дейін оған тыйым салынып отыр.
Қанттан гөрі 300–500 есе тәттірек келеді, металға ұқсас ащы дәмі бар. Ол ішек микрофлорасына теріс әсер етуі және В тобындағы дәрумендердің сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: өт-тас ауруына шалдыққан адамдар, жүкті әйелдер және емізетін аналар, сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларға қабылдауға болмайды.
ЦИКЛАМАТ (Е952)
- синтетикалық
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – дене салмағының әр кг шаққанда 11 мг аспауы тиіс
Бұл қант алмастырғыш та адамның денсаулығына канцерогендік әсер етуі мүмкін туралы көптеген пікірталастардың өзегіне айналды. Ақталған.
Құрамында калориялар жоқ және қантпен салыстырғанда 30-50 есе тәттірек. Қыздыру кезінде тұрақты сипатқа ие. Көптеген тәттілендіргіштерге қарағанда арзандау. Негізінен сахаринмен бірге қолданылып келеді, бұл үйлесімнің арқасында екі тәттілендіргіштің де дәмі жақсара түседі.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: жүкті әйелдерге ұсынылмайды.
АЦЕСУЛЬФАМ К (Е950)
- синтетикалық
- ұсынылатын тәуліктік мөлшері – дене салмағының әр кг шаққанда 15 мг аспауы тиіс
Оның біршама калориялылығы бар және қантпен салыстырғанда 180-200 есе тәттірек болады, суда жақсы ерігіштік қасиетке ие. Азық-түлік өнімдерінде пайдаланылуы бойынша ешқандай шектеулер қойылмаған. Тәттілендіргіш ретінде ғана емес, сондай-ақ дәм күшейткіштің орнына да қолданылады.
Калий ацесульфамын дәрі-дәрмектерге жағымды дәм беру мақсатында іске асырады, сонымен қатар косметика өндірісінде қолданылып жатады, дәл осы қант алмастырғыш далап және ерін жылтырағы, тіс пастасы мен ауыз қуысына арналған шайғыш заттарға тәттілік дәмін береді.
Қант алмастырғыш кімге қарсы көрсетілген: балаларға, жүкті және емізетін әйелдерге қабылдауға болмайды.
НЕНІ ЕСТЕ САҚТАҒАН ЖӨН
Қантты алмастыратын тәттілендіргіштер, қанттың өзі секілді шамадан тыс мөлшерде тұтынылған жағдайда адам ағзасына зиянын тигізеді. Ұсынылған мөлшерден асып кету, демек, өз денсаулығыңызға қауіп төндіру дегенді білдіреді.
«Табиғи» және «қауіпсіз» – түсініктері мағынасы жағынан әрдайым бір-біріне жақын бола бермейді. Егер денсаулығыңызға байланысты айқын бір түйткілдер болмаса, табиғи тәттілендіргіштерді таңдағаныңыз абзал. Ал мәселен, диабет ауруына шалдыққан адамдарға көбінесе синтетикалық қант алмастырғыштар ұсынылады. Қандай болған жағдайда да, дәрігер маманымен кеңескеніңіз дұрыс.
Қанттар – біздің тамақтану рационымыздың маңызды бөлігі. Кейбір жағдайларда олардан толықтай бас тарту теріс салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Аударған Рита Сәрсенова