Көпіршіген су
Газдалған сусындар туралы көкейкесті сегіз сұрақ
Ішеміз бе, әлде ішпей-ақ қоямыз ба?Міне, басты сұрақ. Дәл осыған жауап беруге тырысамыз. Сондай-ақ – маниакалды депрессия, сүйек сынғыштығы және қатты іш өтуді газдалған сумен не байланыстырады?
ГАЗДАЛҒАН СУ ШЫНЫМЕН ДЕ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНДЫ МА?
Бұл судың қандай екендігіне байланысты. Табиғи газдалған су ежелгі уақыттан бері баршамызға белгілі, әрі ол емдік мақсатта қолданылғаны да хақ. Гиппократ осы суға бірнеше трактатын арнап жазған, емделушілерге ішіп қана қоймай, сондай-ақ бұл суға шомылуды да бұйырған. Осындай су шөлді жақсы қандырады, сонымен қатар ағзаны пайдалы микроэлементтермен қанықтырады. Ол ағзаның мүшелерін зиянды заттардан, ыдырау өнімдерінен тиімді тазарта отырып, қанды сұйылтуға септеседі.
Ал оның «туысқаны» – ғаздалған тәтті сусынға келер болсақ, мәселе әлдеқайда күрделірек болып отыр. Тамақтану рационындағы артық қанттың мөлшері семіздік, екінші типті диабет, жүрек, бүйрек және бауыр ауруларына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сонымен қатар тісжегі, құяң ауруы және артрит пайда болуы да ықтимал.
Дегенмен, егер де ғаздалған тәтті сусындарды оқта-текте және аз-аздан ішсеңіз, әрі оны шөлді қандыру мақсатында емес (бұл, тіпті, мүмкін де емес), тек қана десерт ретінде қабылдасаңыз, онда денсаулығыңызға қатысты ешқандай түйткіл туындамайтыны рас.
СОНДА ҚАНТЫ ЖОҚ ГАЗДАЛҒАН СУСЫНДЫ АЛҒАН ДҰРЫС ПА?
Бұл жердегі мәселе әлдеқайда күрделі. Қанты жоқ болса, оның орнына қолданылатын алмастырғыштар бар деген сөз. Осы тұста алмастырғыш ретінде – стевия, яғни, өзі төмен калориялы табиғи тәттілендіргіштің болғаны абзал. Бұл өсімдіктің құрамында, шамамен айтқанда, сахарозадан 200-300 есе тәттірек келетін стевиозид бар, сонымен бірге ол қандағы қант деңгейін көтермейді. Тіпті, қант диабеті ауруын емдеуде пайдаланылады екен.
Алайда, қалыптасқан әдет бойынша, өндірушілер әртүрлі кезеңдерде біресе пайдалануға тыйым салынған, біресе қайта рұқсат етілген жасанды тәттілендіргіштерді қолданып отыр, олардың арасында: ацесульфам (E950), сахарин (E954), сукралоза (Е955), неотам (Е961), аспартам (Е951). Соңғысын газдалған сусындарға жиірек қосады. Сонымен қатар кейбір дереккөздерде оны емізетін және аяғы ауыр әйелдерге, сондай-ақ балаларға қабылдауға болмайтыны туралы ұсыныстар көрсетілген.
ҚАНТ АЛМАСТЫРҒЫШЫ ҚОСЫЛҒАН КӨПІРШІГЕН СУСЫНДЫ КҮНДЕ ІШУГЕ БОЛА МА?
Болады, бірақ оның мөлшері күніне 0,33 литрлік құтының бір-екеуінен аспауы керек. Жалпы алғанда жасанды тәттілендіргіштер адам үшін қауіпсіз. Мәселен, олардың қатерлі ісік немесе басқа белгілі бір ауруларды тудыратыны туралы дәлелдер жоқ. Дегенмен құрамында қант алмастырғыштары бар сусындарды ішу пайдалы деуге де болмайды. Бұл сусындар дофаминнің (бақыт гормоны) бөлінуін қоздыратындықтан, кем дегенде үйреніп кету әдетіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұндай жағдайда қарапайым су (яғни, тіршілік көзі) мүлдем дәмсіз болып көрінеді.
НЕЛІКТЕН ГАЗДАЛҒАН СУСЫНДАР ШӨЛДІ ҚАНДЫРУҒА КӨМЕКТЕСПЕЙДІ?
Газдалған сусындардың көбісі, соның ішінде әсіресе тәттілері, шөліңізді қандырмайды, керісінше, шөлдете беруі мүмкін. Қант немесе оны алмастыратын заттың үлкен мөлшері ауыз қуысыңызда тым тәтті дәмді қалдырады да, одан кейін қайта-қайта ішкіңіз келіп отырады. Шөлді басу үшін қарапайым немесе минералды суды қолданған дұрыс. Ал егер сол суға ерекше бір дәм бергіңіз келсе, стаканыңызға апельсин, лимон немесе кез келген басқа жемісті қоссаңыз болады.
НЕГЕ СУСЫНДАРДЫ КӨМІРҚЫШҚЫЛ ГАЗЫМЕН ГАЗДАНДЫРАДЫ?
Көміртектің қостотығы суды залалсыздандырып, оның құрамын зиянды қосындылар, вирустар және микробтардан тазартады. Оған қоса көмірқышқыл газы керемет консервант болып саналады, оның арқасында сақтау мерзімдері ұлғая түседі. Қаптаулар үстінде бұл Е290 деген белгісімен көрсетіледі. Жалпы алғанда көмірқышқыл газы адамның денсаулығы үшін зиян тигізбейді.
ФЕНИЛАЛАНИН ДЕГЕНІМІЗ НЕ? ОЛ ТУРАЛЫ ЭТИКЕТКАЛАРДА НЕ ҮШІН ЖАЗАДЫ?
Қорқынышты естіледі екен, рас қой? Дегенмен фенилаланин газдалған сусындардың көптеген заманауи түрлерінің құрамында кездеседі. Ол синтетикалық қант алмастырғышы саналатын аспартамның құрамдас бөлігі, әрі тамақ өнеркәсібі, соның ішінде газдалған сусындар өндірісінде, сондай-ақ сағыз өндірісінде де қолданылады.
Фенилаланин сезгіштік шегін өзгертіп, сонымен қатар серотонин қорларын азайта алады, ал жоғары мөлшерде қабылданған жағдайда, тіпті, маниакалды депрессия, дүрбелеңге салыну, зорлық-зомбылық және ашулану сезімдерінің дамуына ықпал етуі мүмкін.
Ереже бойынша өндірушілер тұтынушыларға сусынның құрамында фенилаланиннің бар екендігі туралы ескерту жасаулары міндетті. Алайда бұл ескерту баршаға арналмаған, ол тек қана фенилкетонурия атты ақыл-ой дамуы үдерістерін тежейтін көріністерімен белгілі тұқымқуалаушылық ауруы бар адамдар үшін жасалуға тиіс.
Дені сау адамдар үшін фенилаланин зиянсыз ғана емес, тіпті, қажетті зат. Өйткені ол адам ағзасының өзі синтездей алмайтын, алайда тамақпен бірге түсуге міндетті маңызды аминқышқылдарға жатады.
ГАЗДАЛҒАН СУСЫН СҮЙЕККЕ ЗИЯН КЕЛТІРЕДІ МЕ?
Мұндай көзқарас бірқатар зерттеулердің жарияланғанынан кейін пайда болды. Оның біреуінде кока-коланы тұтыну мен әйелдер сүйектеріндегі минералды тығыздықтың төмендігі арасындағы байланыс көрсетілсе, екінші бір зерттеуде американдық ғалымдар жеткіншектер сүйектері тығыздығының жеткіліксіздігі олардың тамақ рациондарында сүттің жоқтығы мен кока-коланы көптеп тұтынуларының салдары екендігін дәлелдеген.
Кейбір жағдайларда шын мәнінде газдалған тәтті сусындардың сүйектерге теріс әсер етуінің дәлелі табылған, себебі сусын құрамындағы фосфор қышқылының жоғары мөлшері сүйек үшін пайдалы кальцийдің ықпалын бейтараптандырады. Ақыр соңында мамандар мәселенің бәрі газдалған сусында емес, оны тұтыну жиілігінде әрі адам ағзасындағы D дәрумені мен кальций деңгейіне байланысты деген ортақ пікірге келеді. Егер ағзаңызда осы заттардың жетіспеушілігі байқалса, онда газдалған сусындарды тұтыну, мәселен, кока-коланы шамадан тыс ішу жағдайды тек нашарлата түседі.
УЛАНҒАНДА КОЛАНЫҢ КӨМЕКТЕСЕ АЛАТЫНЫ РАС ПА?
Жалпы алғанда әлем бойынша коланы емдік мақсатта қолдану туралы ешбір ресми ұсыныс жоқ.
Ал улану мәселесіне қатысты айтар болсақ, ол әдетте іш өту және лоқсумен бірге жүреді. Сонымен бірге адам ағзасының жасушалары қалыпты түрде жұмыс істеуі үшін керекті су және электролиттердің орасан зор мөлшерін жоғалтады. Әрі регидратацияны қажет етеді.
Неліктен кола бұл мақсаттарға жарамайды:
- оның құрамында натрийдің мөлшері аз, сондықтан ол ішектегі судың сіңуін төмендетеді;
- оның құрамында калий мөлшері аз, ал онсыз су, керісінше, тіннен ішекке қарай кетіп, іш өтуді күшейтеді;
- құрамында кофеин бар, ал ол несеп айдайтын қасиетке ие болғандықтан, сұйықтықты жоғалтуды арттыруы әбден мүмкін.
Аударған Рита Сәрсенова