
Қант алмастырғыштар: пайда ма, әлде зиян ба?
Қант – тәті өлім, қант – нағыз зұлым, қант – бұл зиян! Неліктен көбінесе одан аулақ болуға тырысады? Себептері әртүрлі – денебітімге қамқорлық танытудан бастап диабет алды жағдайға дейін. Күн өткен сайын тамақтану үлесінде қанттың орнына түрлі қант алмастырғыштар пайда болып отыр. Лайқос олардың қаншалықты қауіпсіз екендігін анықтады.
Қант алмастырғыштардың түрлері
Қант алмастырғыштар табиғи және қолдан жасалған болып бөлінеді.
Табиғи:
Стевия – дәл осылай аталатын өсімдіктің жапырақтарынан өндіріледі, құрамында калориялар жоқ.
Эритрит (эритритол) – қант спирті, дәмі жағынан қантқа ұқсас болып келеді, инсулин секірістерін тудырмайды.
Ксилит пен сорбит – жемістердің құрамында кездеседі, калориялары бар, дегенмен қантпен салыстырғанда мөлшері әлдеқайда төменірек.
Жасанды (синтетикалық):
Аспартам – қантқа қарағанда 200 есе тәттірек, құрамында калоиялары жоқ деуге болады.
Сукралоза – қыздыруға төзімді келеді, тәтті тағамдарды пісіруде қолданылады.
Сахарин – алғашқы қант алмастырғыштардың бірі, өнеркәсіпте жиі пайдаланылады.
Қант алмастырғыштардың пайдасы
- Калориялықтың төмендеуі – бұл, әсіресе, арықтау кезінде маңызды.
- Қант диабеті кезіндегі қауіпсіздік – қандағы қант деңгейін арттырмайды (әсіресе, стевия, эритрит).
- Тіс денсаулығы – тісжегіні тудырмайды, бактериялар үшін қорек болмайды.
Қант алмастырғыштар медициналық көрсетілімдер бойынша немесе жеке пікірге байланысты қантты тұтынуды шектейтін адамдарға тамақтануды түрлендіруге көмектеседі.
Зияны мен ықтимал қауіптері
Артықшылықтарына қарамастан, қант алмастырғыштар әрдайым қауіпсіз бола бермейді:
- Миды алдау: калориясыз тәтті дәм тамаққа деген құмарлықты күшейтуі мен тою сезімін бұзуы мүмкін.
- Ас қорытуға байланысты мәселелер: әсіресе, сорбит пен ксилит секілді көпатомды спирттерден түйткілдер пайда болуы ықтимал – іштің кебуі мен іш жүргізетін әсері бар.
- Қауіпті компоненттер: кейбір зерттеулер аспартамға (көп мөлшерде тұтынылса) күмән келтіреді, сонымен бірге сукралозаның ішек микрофлорасына әсері де талқыланады.
Мына бір жайтты қаперіңізден шығармаңыз: тіпті, «пайдалы» өнімнің де мөлшерлемесі болады.
Қауіпсіз қант алмастырғышты қалай таңдау керек
Таңдау бойынша бірнеше кеңес:
- Құрамы туралы оқу – тізім неғұрлым қысқа әрі түсінікті болса, соғұрлым жақсырақ.
- Сертификатталған өнімдерді таңдағаныңыз абзал.
- Кішкентай нәрселерден бастаңыз, ағзаның реакциясын бақылауда ұстаңыз.
- Табиғи қант алмастырғыштарды таңдаған дұрыс (мәселен, стевия немесе эритрит).
Сонымен бірге қарсы көрсетілімдерді де ескерген аса маңызды: асқазан-ішек жолына қатысты түйткілдері, құрамдас бөліктеріне деген аллергиялары немесе фенилкетонуриясы (аспартам үшін) бар адамдарға қант алмастырғыштарды тұтыну ұсынылмайды.
Қорытынды
Қант алмастырғыштар – ғажап өнім емес, дегенмен адам үшін жау да емес. Ақылға қонымды түрде тұтынылған жағдайда олар шынымен де ас үлесіндегі қанттың мөлшерін қысқарту мен ағзаға деген жүктемені төмендетуге көмектесе алады. Ұстамдылық, саналылық жайлы ұмытпаған және табиғи нұсқаарға бағдарланған маңызды.