Тұз жеңіл ме, ауыр ма? - Лайқос

Тұз жеңіл ме, ауыр ма?

Тұзды артық немесе тым аз қолданудың зияны қандай?

Бір кездері аса қымбат әрі бағалы дүние саналған тұз уақыт өте келе күнделікті тұтынатын қолжетімді затқа айналды. Бір кемшілігі де осыда. Қажет кезде қол созып ала салуға болатыны адамзатқа несімен қауіпті? Қайтпек керек? Спойлер: көмекке электр қуаты келмек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары халықтың көп бөлігі тұзды қалыпты деңгейден екі көп тұтынады, сәйкесінше жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт қатерін тудырады дейді. Тұздың кесірінен ағзадағы сұйық жүрмей қалады, бүйрекке күш түседі, қысым күрт артады. Жер бетіндегі адамның бәрі оны шегімен пайдаланса, артық кетпесе, жыл сайынғы шамамен 2,5 миллион өлім тіркелмеуі мүмкін еді.

 

Алайда тұз жетіспеушілігі де жаман. Оның құрамындағы натрий қандағы pH-балансқа және жүйке-бұлшық ет жүйесінің жұмысына жауап береді.

 

Осы айтылғанға орай, тұздың маңызына мән беріп көрелік.

 

ТҰЗ НОРМАСЫ ҚАНДАЙ?

Қалыпты тұтыну көлемі – күніне 5 грамм. Мұнша тұз қандай дейсіз бе? Шамамен шәй қасықтың жартысы. Бұл – ересек адамның нормасы. Балалардың стандарты басқа және жасқа байланысты белгіленеді.

 

ТҰЗДЫ ДҮНИЕГЕ НЕГЕ АҢСАРЫМЫЗ АУАДЫ?

Мұндай құмарлық бір рет кездессе, белсенді дене жаттығуынан кейін ағзадан көп тұз шығып кетуіне байланысты болуы мүмкін. Ал тұрақты тұзды тамақ жегіңіз келіп тұрса, эндокринді жүйеде бір гәп бар немесе асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылған.

 

ТҰЗ ЖЕП ӨЛІП КЕТУГЕ БОЛА МА?

Адамды бір сәтте өлтіре алатын тұз дозасы бар екен. Оның көлемі дене массасының бір келісіне 3 грамм деп белгіленген. Яғни салмағы 70-80 кг болатын ересек адам қырлы стақандағы меймілдете толтырылған тұзды жеп қойса, жүріп кетуі ғажап емес.

 

НЕГЕ КӨП ТҰТЫНАМЫЗ?

Заманауи адамның тұзы тым көп тамаққа үйреніп кетуінің бір себебі – жартылай фабрикаттар мен дайын өнімдер. Олардың құрамында тек тұз ғана көптеп кездеспейді, сондай-ақ натриі бар қосымша дәм қоспалары да салынады. Бұл қатарға шұжық, ірімшік, снек, консерві секілді азық-түлікті жатқызамыз. Статистика тұтынылатын тұздың 70–75%-ы дәл осы өнімдерде болатынын көрсетіп отыр. Қалған 25–30% тұзды адамдар тамаққа өзі қосады.

 

ТҰЗ ҚАЙДА? АНА ЖЕРДЕ, МЫНА ЖЕРДЕ!

Жалпы, азық-түліктің көпшілігінде тұз көлемі айтарлықтай. Бірақ жеп отырғанда оның бар екенін сезе бермейміз. Мына жерде мысал ретінде бірнеше өнімді келтіріп отырмыз (100 г өнімдегі тұз көлемі миллиграмм түрінде көрсетілген):

 

  • Қынды үрмебұршақ – 400
  • Қарабидай наны – 430
  • Қызылша – 260
  • Бидай наны – 250
  • Сиыр сүті – 120
  • Балдыркөк – 100-125
  • Жұмыртқа – 100
  • Жас сиыр еті – 100
  • Мейіз – 100
  • Балық – 50-100
  • Асжапырақ – 85
  • Сиыр еті – 80
  • Қозықұйрық – 70
  • Банан – 54

 

ТҰЗ ТҰТЫНУДЫ БАҚЫЛАУДА ҚАЛАЙ ҰСТАУ КЕРЕК?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұзды артық қолданбау үшін мына әдістерді ұсынады:

  • жас, балғын өнімдерді көбірек тұтыну, консерві, жартылай фабрикаттардан қашу;
  • дүкенде азық-түлік алғанда тауардың құрамын оқу, бір порциядағы натрий көлемінің 140 мг-нан артық болмауын қадағалау;
  • кетчуп, майонез, соя соусы, түрлі дәмдеуіш секілді тұзы көп тұздықтарды пайдалануды шектеу;
  • үйде тамақ пісіргенде қолданылатын тұз көлемін азайту.

 

ТҰЗДЫҢ ОРНЫНА НЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ?

Мына өнімдердің арқасында тұз көлемін азайта аласыз және одан тамақтың дәмі де бұзылмайды.

 

Лимон шырыны. Балықтан істелген тағамдар мен салаттың дәмін жақсартады. Ал лимон құрамындағы С дәрумені асты тек дәмді ғана, пайдалы да ете түседі.

 

Сірке суы. Сірке суының түрлерін сорпаға, гарнирге, балыққа және етке қоса аласыз. Тек асқазан-ішек жолдарында қандай да бір кінәрат бар адамдарға шектен тыс қолданбау керек.

 

Теңіз орамжапырағы. Бұл көкөніс құрамында табиғи теңіз тұзы бар, йод та көп. Тағам дәмін кіргізгенімен қоймай, бағалы микроэлементтермен де толықтырады.

 

Түрлі шөп. Шырғалжың, күнзе, кориандр, зире секілді қоспалар тағам дәмін байыта түседі.

 

Сарымсақ. Мұның арқасында тұзды күнделікті қажет көлемін толық қанағаттандыруға болады, тек шегін білсеңіз болды.

 

Кепкен көкөніс. Көкөністің көбінде табиғи тұзды дәм бар. Мысал ретінде болгар бұрышын, қызанақты, балдыркөк тамырын келтіруге болады. Ең дұрысы – кепкен көкөніс қолдану, себебі мұндай өнімнің дәмі мен хош исі ғана емес, дәрумені де сақталады.

 

ТЕҢІЗ ТҰЗЫ ПАЙДАЛЫРАҚ, СЕБЕБІ ОНЫ «ТАБИҒАТТЫҢ ӨЗІ ЖАРАТҚАН»…

Теңіз тұзында дәл сондай натрий дәл сондай көлемде кездеседі. Ал денсаулыққа зиянын тигізетін дүниеміз – осы натрий.

 

КҮН ЫСТЫҚТА ТҰЗДЫ КӨБІРЕК ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК ПЕ?

Термен бірге тұздың аз ғана бөлігі шығып кетеді. Оны қайта толтырамын деп әуреленудің қажеті жоқ. Тек сұйықты көп ішу маңызды.

 

ТҰТЫНЫЛАТЫН ТҰЗ КӨЛЕМІН ТЕК ЕГДЕ ЖАСТАҒЫЛАР АЗАЙТУ КЕРЕК ПЕ?

Тұзды шамадан артық қолдану кез келген жастағы адамның қан қысымының көтерілуіне және қандағы қышқыл баланстың бұзылуына алып келеді.

 

ТҰЗДАН БІРЖОЛАТА БАС ТАРТУ КЕРЕК ПЕ?

Мүлдем тұз қолданылмайтын диета оны шектен тыс қолданудан да қатерлірек болып шықты. Гастроэнтерологтар адам рационында белгілі бір тұз көлемі міндетті түрде болуы керек дейді. Тұз құрамындағы натрий ағзаға күретамыр қысымын бақылауда ұстауға көмектеседі және жүйке жүйесі мен бұлшық ет жұмысына қажет. Тұзсыз диеталар қандағы минералдар дисбалансына алып келеді, қалқанша без және жүрек функциясына кедергі келтіреді.

 

ТАМАҚҚА АРНАЛҒАН ТҰЗДЫ ТАЯҚШАЛАР ДЕГЕН НЕ?

Жапондардың ойлап тапқан жаңалығы. Тамақ өнімдерін шығаратын Kirin компаниясы Мэйзи университетімен бірлесіп, азық-түліктегі тұз дәмін күшейте алатын электр таяқшалар жұбын дайындапты.

 

Мамандар тұз дәміне жауап беретін натрий хлориді иондарына ықпал ететін электрмагнитті толқындардың дұрыс формасын анықтаған. Әлсіз электр қуаты тамаққа жіберіледі, осының арқасында ешқандай қоспасыз-ақ тұз дәмі күшейе түседі. Жапондар мұндай жолмен тұзды шамадан артық қолдануды азайтпақшы. Ал тұзды тым көп тұтынудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі.

 

 

Аударған Димаш Зиядин

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]