Вегетариандық ет турасында - Лайқос

Вегетариандық ет пайдалы ма және оның құрамы қандай

Бүгінгі таңда супермаркеттер, дәмханалар және, тіпті, мектеп асханаларында да еттің өсімдік баламалары ұсынылып отыр. Лайқос оның құрамына не кіретінін, бұл жалпы дәмді ме және дәстүрлі ет тағамдарын толықтай вегетариандық түрлеріне алмастыруға бола ма екендігін анықтап білді.

Вегетариандық еттің ішінде не бар?

Көптеген алмастырғыштардың негізінде өсімдік ақуыздар жатыр. Кеңінен таралғандары мыналар:

  • Соя – толыққанды ақуыздың қайнар көзі, алайда аллергияны қоздыруы мүмкін және адамдардың барлығына бірдей жарамды бола бермейді.
  • Бұршақ ақуызы – жеңіл түрде сіңіріледі, құрамы амин қышқылдарына бай.
  • Бидай ақуызы (глютен) – негізінен өзінің серпімділігі мен құрылымының арқасында қолданылады, дегенмен целиакия ауруы немесе глютенге деген сезімталдығы бар адамдарға жарамсыз.

Сонымен бірге құрамына табиғи немесе жасанды хош иістендіргіштер, бояғыштар (мысалы, қызылша шырыны), өсімдік майлары, крахмал, дәмдеуіштер мен текстуризаторлар кіруі мүмкін.

Вегетариандық ет өнімдері қаншалықты табиғи?

Өнімдердің табиғилығы нақты бренд пен рецептурасына байланысты болып отыр. Кейбір өнімдердің құрамында ингредиенттер саны аз болады, ал басқаларында – жеткілікті деңгейде өңделген және консерванттар, дәмді күшейткіштер, стабилизаторлар кездесуі ықтимал. Сондықтан өнімді алған кезде орамада жазылған құрамды мұқият зерттеу және барынша аз өңделген әрі түсінікті компоненттерге ие түрлерін таңдаған маңызды.

Дүкенде сатылатын өнімдермен қатар қолдан жасалған нұқсалары да баршылық, мысалы, бұршақ тұқымдастар, жасымық, саңырауқұлақ, жаңғақтардан жасалған котлеттер. Бұл тағамдарды артық тұз бен қоспаларсыз-ақ, әрі ингредиенттердің сапасы мен балғындығын бақылай отырып, дайындауға болады.

Вегетариандық етті қаншалықты жиі жеуге болады және ол қауіпсіз бе?

Вегетариандық ет бірқалыпты және теңдестірілген мөлшерде тұтынылған жағдайда қауіпсіз болуы мүмкін. Алайда құрамында тұз, қаныққан майлар немесе қоспалар мөлшері жоғары келетін тағамдарды күнделікті ас үлесіне қосу жағымсыз әсер беруі әбден ықтимал. Сондай-ақ адамның белгілі бір компоненттерді, соның ішінде соя немесе глютенді ықтимал көтере алмаушылығын ескеру керек.

Дәстүрлі етпен салыстырғандағы артықшылықтары

  • Холестериннің жоқтығы
  • Қаныққан майлардың азырақ (көп жағдайда)
  • Құрамында өсу гормондары мен антибиотиктер жоқ
  • Өндірістің анағұрлым экологиялық тәсілі

Ықтимал кемшіліктері

  • Егер тамақтану теңдестірілмеген болса, кейбір таптырмайтын амин қышқылдарының жетіспеушілігі болады
  • Әсіресе, қызыл етпен салстырғанда темір мен B12 дәрумені мөлшерлерінің аздығы
  • Өнімдердің кейбір түрлерінде тұз, майлар мен хош иістендіргіштер жоғары мөлшерде кездеседі
  • Аллергиялық реакция немесе соя, глютен, қоспаларға деген жоғары сезімталдық болуы мүмкін

Етті толықтай өсімдік баламалармен алмастыруға бола ма?

Теориялық тұрғыдан бәрі де мүмкін, дегенмен бұл жайтқа мұқият қараған абзал. Ақуыздың әртүрлі қайнар көздерін біріктіру, В тобының дәрумендері, темір, мырыш, омега-3 май қышқылдарының жеткізілуін қадағалап отырған маңызды. Қажет болған жағдайда – дәрігер немесе нутрициологтың кеңесіне жүгінген жөн.

Қорытынды

Вегетариандық ет теңдестірілген тамақтанудың бір бөлшегі болуы бек мүмкін, әсіресе, бұл таңдауға саналы қарайтын болсаңыз. Бұл жануарлардан алынатын өнімдердің тұтынылуын азайтуға, экологиялық жүктемені төмендету мен тамақтануды түрлендіруге мүмкіндік береді

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.