Тісіңізді қатайтудың жолы: пайдалы әдеттер кешені мен тіс күтімі - Лайқос

Тіс күтімі қандай болу керек? Тіс дәрігерінің кеңестері

Тіс – бұл да мүше. Ағзамызға зиян келтіретін нәрселердің барлығы тісімізге де залал келтіреді. Стоматолог Сергей Винокуров салауатты күлімсіреуді сақтап қалуға көмектесетін тіс күтіміне арналған міндетті ережелерін ұсынды. Сонымен бірге тіс денсаулығы үшін зиян келтіретін жаман әдеттер туралы айтып берді. Әрі бұл тек темекі тарту, алкоголь және тәттілер ғана емес. Әдеттер кешені туралы ең қызықты жайттарды осы мақаладан оқи аласыз.

Тіс денсаулығына зиян келтіретін әдеттер

Саусақты сору және қаламсапты тістеу. Тісіңіздің денсаулығына залал келтіретін әдеттер ең қарапайым тұрмыстық сәттерден басталады. Бала кезде бұл саусақ немесе ерінді сору болған. Студенттік шақта – қаламсап немесе қарындашты тістеу, әрі дәл осы әдет ересек жастағы әдетке ұласуы әбден мүмкін.

Егер сіз балаңыздың аузына саусағын салып ұйықтағанын көрсеңіз, демек болашақта оның жоғарыда көрсетілген түйткілдері болады. Саусақты сору тістің (тістің жарып шығуына) және тістемнің (үстіңгі және астыңғы жақтардың тіс қатарларының қабысуы) бұрыс қалыптасуына әкеліп соқтырады. Бұл тілдің физиологиялық емес қалпына, әрі бұл тістердің орналасуының аномалияларына апарады, сонымен бірге осының салдарынан мұрынмен дұрыс тыныс алу бұзылады, яғни, тістемнің аномалияларын нашарлатады және оттегінің тұрақты жетіспеушілігінен жалпы ағзаға теріс әсерін тигізеді. Мұнымен әртүрлі тәсілдермен күресуге болады, мәселен, халық арасында кеңінен таралған құралдар – саусақты алуан түрлі ащы өнімдермен жағу, сонымен бірге арнайы саусаққап болады, әрі ол саусақты соруға кедергі етеді.

Шемішке шағу. Шемішке шағудан болатын зиян механикалық (уақыт өте келе тістер арасында кетік пайда болуы мүмкін), сонымен қатар бактериологиялық түрінде келеді. Бірінші кезекте шемішке – бұл лай, әрі сіз оны кір қолыңызбен ауызыңызға апарасыз. Егер осы әдет тұрақты болса, онда бұл адамның аузында ұдайы қандай да бір бактериялар бар дегенді білдіреді. Бұл әдет жақсылыққа апармайтыны анық.

Жаңғақты, бөтелкелерді тістеп ашу және тіспен жасалатын басқа да әрекеттер өте зиянды болып келеді. Тістің кіреукесі айтарлықтай қатты, дегенмен ол кенет соққыларды ұнатпайды.

Темекі тарту. Темекі тарту, соның ішінде темекінің жану температурасы тіске теріс әсер етеді. Қазіргі уақытта зияны анағұрлым азырақ балама нұсқалар бар – темекіні қыздыруға арналған заманауи жүйелер, олардың көмегімен зиянды төмендетуге болады. Темекі тарту кезіндегі ең бір жағымсыз нәрсе – бұл температура мен никотиннің үйлесуі, осының салдарынан шылым шегу барысында қызыл иек пен тістерге баратын тамырлар кенет тарылады. Нәтижесінде тістің қанмен қамтамасыз етілуі бұзылады. Қан жеткілікті түрде бармайтын кез келген мүше бірте-бірте құрып бітеді. Осының салдарынан қызыл иек біртіндеп атрофияға ұшырайды да, көлемі жағынан азайып, тістің тамыры жалаңаштанады. Бұл жағдай болып қойғанда тіс дәрігері де көмектесе алмайды, өйткені ол қызыл иекті орнына қайтара алмайды.

Алкоголь. Ол тіске жанама түрде әсер етеді. Қышқылдыққа ие тек шараптар ғана тікелей ықпал ете алады. Бұдан болатын зиянды қалай төмендетеміз? Шарапты ішуден мүлдем бас тартуды ұсыну – бұл үзілді-кесілді талап. Бір шешімі ретінде – шарапты түтік арқылы ішу. Сонда шарап ауыз қуысында тоқтамайды да, бірден асқазанға барады. Жалпы алғанда ауыз қуысында ешқандай алкогольді ұстауға кеңес берілмейді.

Тәтті. «Тәттіні жеме, тіссіз қаласың» деген бала кезімізден таныс болған тұжырым дақпырт емес. Дегенмен тісжегі тәттіні ғана тұтынудан пайда болмайды. Қант шынымен де тісті бүлдіреді. Қазіргі уақытта тісжегінің нақты себебі 100% дейін анықталмаған. Оның пайда болуының шамамен 400 теориясы бар, әрі ешқайсысы да әзірге толығымен дәлелденбеген және жоққа шығарылмай отыр. Алайда тіс үшін көмірсулармен жанасу зиянды екендігі нақты дәлелденген. Егер тістің тәттілермен жанасуы мүмкіндігінше аз болғанын қадағалап жүрсеңіз, өзіңізді жоғарыда көрсетілген зияннан сақтап қаласыз. Ең қарапайым жолы: шоколад, кәмпитті жеп болғаннан кейін – ауызды шаю. Ауыз қуысында ешқандай да тәтті бөлшектер қалмауы тиіс.

Тіс пен ауыз қуысының денсаулығы үшін міндетті әдеттер

№1 әдет. Фтор қосылмаған тіс пастасы

Тіс пастасының құрамында міндетті түрде фтор болуы тиіс деген кеңінен таралған ұсыныс баршылық.

Дегенмен мұның барлығы да жеке түрде таңдалатын нәрселер. Фтор – теңіз тұзы, су және көптеген азық-түліктердің құрамында кездесетін табиғи материал. Сонымен бірге ол табиғи жолмен адамның сүйегі мен тісінде сақталады. Ол тіс кіреукесін қатайтатын компоненттердің бірі болып келеді. Алайда қазіргі уақытта тіс дәрігерлері фтордың үлкен маңыздылығы бар деген пікірден бірте-бірте алшақтап отыр. Соңғы зерттеулер дәлелдегендей, оның рөлі бұрыннан санап келгеніміздей соншалықты үлкен емес.

Қазақстанға қатысты айтар болсақ, мәселен, Алматыда тіс пастасының құрамындағы фтор артық болмайды. Алайда оның құрамы шамадан тыс кездесетін аймақтарда оның артық екені сөзсіз. Еліміздегі мұндай аймаққа Щучинск жатады.

№2 әдет. Тіс жібі

Тісті, тіпті, тұрақты түрде тазалаудың өзінде тіс пен қызыл иек арасында тамақтың бөлшектері қалып қоюы әбден мүмкін. Тіс жібі тіс щеткасы үшін жетуге қиын учаскелер арасында қалатын тамақтың қалдықтарын ғана емес, сондай-ақ тістік өңез бен тіс арасындағы саңылаулардағы бактерияларды да кетіреді. Бірақ жіпті мұқият пайдалану қажет, әрі онымен қызыл иекке баспаған жөн.

№3 әдет. Тіл қырғышы

Тіліңіз туралы да ұмытпаңыз. Тіс тазалау тіс пен қызыл иектегі бактерияларды жоюы мүмкін, дегенмен олар бәрібір тіліңіздің үстінде қалып қоюы ықтимал. Бұл ауыздан болатын жағымсыз иіс немесе ауыз қуысының денсаулығына байланысты басқа да түйткілдерді тудыра алады. Тілге арналған қырғыш әрбір адамның үйінде болуы тиіс, тура тіс щеткасы мен паста секілді. Бұл сізге тек пайдасын ғана әкелетін гигиена.

№4 әдет. Ауызды шаюға арналған сұйықтық

Ауыз қуысын шаюға арналған сұйықтықтың құрамында тимол сияқты бактерияларға қарсы ингредиенттер бар, әрі ол қызыл иек ауруларын бақылауда ұстауға және тістік өңездің алдын алуға қабілетті. Бүгінде дүкен сөрелерінде ауызды шаюға арналған сұйықтықтар таңдауы өте үлкен болып отыр. Оларды таңдаған кезде не нәрсеге назар аударған маңызды? Нағыз емдік құрамға ие шайғыштарды алудың қажеті жоқ. Мәселен, хлоргексидин және басқа да антисептиктері бар сұйықтықтар. Мұндай шайғыштарды тек дәрігердің нұсқауымен ғана, әрі шектеулі мерзім аралығында пайдалануға болады.

№5 әдет. Тісті дұрыс тазалау

Баршамыз да тісті күніне екі рет тазалау керектігін білеміз, сонда олар таза қалпында қалады, алайда біз оны дұрыс тазалап жүрміз бе? Тісті тазалау барысы кем дегенде 4 минутқа дейін созылуы тиіс. Тістік өңезді кетіру үшін пастаның сол өңезбен химиялық өзара әрекеттесуіне нақ осындай уақыт аралығы қажет. Тісті қарқынды және агрессивті түрде тазалауға болмайды. Одан тісіңіз анағұрлым ақ немесе таза бола түспейді. Тісті жақсы тазалап шығу үшін жұмсақ, ұқыпты және ақырын қимылдар жеткілікті.

Тіс щеткасын әрбір 6 ай сайын міндетті түрде алмастырып отырған абзал.

№6 әдет. Тұрақты стоматологиялық тексерулер

Әрбір 6 ай сайын тіс дәрігерінің қабылдауына келу сізге ауыз қуысының денсаулығын сақтау мен нығайтуға көмектеседі. Бұл тіске байланысты ықтимал түйткілдердің басталуын жіберіп алмау мен тістен айырылып қалмауға мүмкіндік береді. Мысалы, қарапайым тісжегі кішкентай болғанда ол ешқандай мәселелерді тудырмайды. Оны дәрігер көрмейінше, сіз ол туралы білмей де жүресіз. Ал бірдеңе ауырған кезде дәрігерге жүгіну кейде кеш болуы да мүмкін. Әртүрлі асқынулар, тамырды алып тастау, одан кейін, тиісінше, тістің бұзылуы басталады – осының бәрінің де алдын алуға болады, әрі осының сізге еш керегі де жоқ.

 

Юлия Колмогорова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]