Бас тарту: ішімдік әуесқойы бір айға алкоголь ішуді қойды
Кейіпкеріміз өз-өзіне тәжірибе жүргізіп, өз-өзінен сұхбат алды
Біреулер жаман әдеттердің зиянын төмендету амалдарын іздеп жатқанда, басқалар түйткілді түбегейлі түрде шешуді жөн көреді. Қандай мәселелер алкогольден толықтай бас тарту үшін себеп болуы мүмкін? Бас тартқаннан кейін хал-жайыңыз бен өміріңіз қалай өзгереді? Біздің кейіпкеріміз бір айға ішімдіктен бас тартып, эксперимент жайлы өз ойларын өз-өзінен алған сұхбат түрінде жеткізді.
ӨЗ-ӨЗІМЕН СҰХБАТ
Осы экспериментке қатысуымды сұрағанда, шынымды айтсам, мен аздап абыржып қалдым. «Егер біреу ішімдіктен бас тартуға бел буса, демек ол үшін адамда маңызды себептер мен түйткілдер болуы тиіс шығар», – деп ойлағанмын. Адамды осыған не нәрсе итермелеуі мүмкін? Ішімдікке салыну? Алкоголизм! Менің айналамда ішімдікті біржолата тастаған таныс маскүнемдер табылмады. Сондықтан мен бұл экспериментті өз-өзіме жүргізуді жөн таптым. Бұл салаға байланысты өз бойымнан «зиянды тәуелділікті» байқамасам да, атсалысуға бел байладым. Дегенмен, сонда да өз сезімдерімді байқауға, әрі оларды сипаттауға қызығушылықты сезіндім.
Мұндай экспериментке қатысуға қалай бел буғаның туралы айтып бе
рші? Кешір, бәлкім, орынсыз қалжың шығар. Бірақ алкогольдің салдарынан денсаулығың сыр бере бастады ма?
Денсаулыққа байланысты айқын мәселелер болған жоқ. Дегенмен, кейбіреулер менің алкогольге деген жаңа реакциямды күрделі аурудың белгісі болып саналатынын айтып отыратын.
40 жасыма қарай алкогольдің дәстүрлі шегіндірілген тежелу және көңіл көтеретін әрекетінің өзім үшін әсер етпейтінін байқай бастадым. Аздап ішкеннен кейін әлсіздік, шаршағандық және ұйқышылдық секілді сезімдерді сезе бастайтынмын. Ал ең құрығанда, ең сәтсіз жағдайларда әлдебір жабырқаңқылық сезімі мен мұңайғандыққа да берілетінмін.
Мен бір ресурста блог жүргізіп келемін, ол жерде өзімнің біртүрлі белгілерімді сипаттаған кезімде көптеген комментаторлар былай деп жазды: «Бауыр сыр бере бастады», «Автор өзіне тиесілі алкоголь цистернасын ішіп тауысқан болар. Жуырда мүлдем істемей қалып, түсіп қалады». Мен көңілсіз болжамға қарсылық көрсете бастадым да, егер бауыр сыр берсе, онда басқа да белгілердің болу керектігін алға тарттым. Асқазан-ішек жолындағы ақаулар, мәселен, жүректің айнуы секілді; терінің түсі сарғыш тартуы… тағы осы бір сөз есіме түскен – шел. Сары түсті. Иә.
Алайда комментаторлар да көнбей, басқа белгілердің болуы міндетті еместігін айтып, әрі барлығы да байқалмай өте беруі мүмкіндігін жеткізді. Күндердің бір күнінде бауыр жай ғана «істен шығады».
Дегенмен, әзірге бәрі жақсы сияқты, бауыр әлі түсіп қалған жоқ.
Бұл «медальдың» бір жағы. Ал ішімдікті ұнататын адамдарда жиі болатын мастықтың салдары ше?
Алкогольдің, тіпті, кішкентай ғана мөлшерінен кейін де келесі күні мастықтың салдары жаһандық деңгейде болатын. Ертесі күні нағыз азапқа толы күн болып, әрі оны өмірден мүлдем өшіріп тастауға да әбден болар еді. Елестетіп қана көріңізші, алкогольді кеш ешқандай қуаныш әкелмейді, ал бірақ мастықтың салдары толыққанды сезіледі!
Сонымен бірге әдеттегі жүрек айну мен бастың ауырсынуынан басқа, жиіленген жүрек соғысы, мазасыздық және әлдебір ұят сезімі қосылды. Мерекелік дастархан басында өзімді өте тәртіпті ұстасам да, ұятты бір нәрсе жасап қойғандай сияқты еді. Сонымен қатар мен ешқандай да анықталған жүрек немесе жүйке ауруларынан задап шекпеймін.
Осының барлығын белгілі бір уақыт кезеңі бойына (шамамен жарты жылдай) бақылай келіп, өз-өзіме келесідей сұрақ қойдым: «Сонда, шын мәнінде, жалпы ішімдік ішудің керегі не?» Егер бұл ләззат әкелмесе, ал ішу кезінде және одан кейін жағымсыз сезімдер бар болса, қажеті не? Жарты жыл – бұл айтарлықтай ұзақ уақыт. «Тікенектері қадалса да, тышқандар жылап, кактусты жеуді жалғастыра берді» демекші, шын мәнісінде, бұл тек қана адамның хал-жайы турасындағы мәселе емес, бұл сауалдың мәні тереңде жатыр.
Ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін алкогольді қаншалықты жиі тұтындың?
Тұрмысқа шыққанға дейін бұл айтарлықтай жиі болатын. Әрбір демалыс күндері дерлік мен құрбыларыммен бірге түнгі клуб немесе бар, сол секілді басқа да жерлерге баратынбыз, әдетте бұл кездесулер алкогольмен бірге өтетін. Апта бойы жұмыс істеп, демалыс күндері тынығатын үйленбеген адамдардың көбісінде осындай «тәртіптеме» болады.
Алайда, қанша таңқаларлық болғанымен, сол кезде алкогольмен қарым-қатынас пен оған деген реакция кәдімгі классикалық түрде өтетін. Кешкісін – көңілді, ал ертесіне – мастықтың салдары.
Ал отбасылық өмірім басталғаннан кейін, сондай-ақ алкоголь мөлшері айтарлықтай азайтылған соң, нағыз түсініксіз жайттар басталды десем болады. Туған-туыстармен өткізілген бас қосулар және жұмыстағы ресми іс-шаралар барысында ішімдіктер тек қана символикалық түрде тұтынылатын. Сонымен қатар осындай бір жиіркенішті реакцияларды тудырған еді.
Ішімдіктен бас тартқан соң хал-жайыңда қандай өзгерістерді байқадың?
Бұл жалпы алкогольден бас тартқаныма байланысты ма, жоқ па екендігін білмеймін, дегенмен, басымның ауырсынуы тоқтады. Бұрындары басымның ауыруы 4-5 күнге дейін созылатын, ал ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер бастың солқылдап ауырғанын бір-екі сағатқа ғана бәсеңдететін еді.
Тағы бір байқағаным, майлы тамақтан кейін жүрек айнитынадай сәттердің болмауы. Бұрын кейде, мысалы, бір кафеде отырып майлы палау (ешқандай да бір ішімдіксіз, тек қана тамақтың өзін) жесем, осындай жағдайға тап болатынмын. Жүрек айну мен оң жақ қабырғаның астында ауырлық сезімін сезетінмін. Одан кейін асқазан-ішек жолының бұзылуы басталып, толық қалпыма келуім үшін тағы 2-3 күн қажет еді. Ал енді не жесем де, қай жерде жесем де бәрібір, ондай жағдаяттар кездеспейді.
Сонымен қатар хал-жайымда ешқандай өзгерістер болған жоқ секілді. Алайда бір айта кетерлік жайт, мен өзім әжептеуір сау адаммын, әрі алкогольден бас тартқанға дейін ерекше бір ауруларға шалдыққан емеспін.
Ал айналадағы адамдармен қарым-қатынастардағы өзгерістер әлдеқайда айқын бола бастады.
Нақты не өзгерді?
Бәлкім, баршамыз да алкоголь тұтынылатын сауық кештерде көптеген адамдардың ішпейтіндерге қойылатын күдікті сұрақтарға куә болған шығармыз:
– Неге ішпейсің? Саған не болған? Ауырып қалдың ба? Ұжымнан алыстағың келіп тұр ма? Сыйламайсың ба? Кел, аздап алып қояйық! Денсаулық үшін!
Бүгінгі таңда мұндай жағдайлар аз кездеседі, әрине. Дегенмен, аға буын адамдары арасында осындай сұрақтарды жаудыратындар әлі де көптеп кездеседі.
Біз жас кезімізден оқыған әдебиеттің өзі де алкогольдік дәстүрді қолдаған. Адамдар реті келгенде, тіпті, Булгаковтың алкогольден қашқалақтайтындар туралы айтқан «олар ауру, не болмаса айналадағыларды жек көреді» деген секілді дәйексөзін де келтіруді ұнатады. Бұл мәселенің шет жағасы ғана.
Екінші жағынан, тіпті, мұңды жағдай. Кейбір адамдармен араласу алкогольсіз мүлдем мүмкін емес екендігі анықталды. Бұрын белгілі бір компаниямен қызыңқыраған кештерде кездескенде екеуіңізге қызықты болатын. Ал егер ішімдік болмаса, кездесудің өзі мағынасыз болады екен.
Мен бір жолы ғаламтор арқылы алкогольден бас тарту туралы шығарылымды қарағанмын, ол жерде мамандар неліктен бөтелкелестер ішетін адам үшін әрдайым жағымды және жақын біреу болып көрінетіндігін айтып берді. Алкоголь, бір жағынан, сыни ойлау қабілетін төмендетеді. Алайда бұл мәселенің бір жағы ғана. Мас адамның назары әңгімелесушіге ерекше фокустандырылады екен. Оның көру өрісі тарылатын іспетті, өйткені алкогольмен уланған ми өзінің ресурстарын үнемдеуге тырысады. Әрі көру ғана емес, сондай-ақ ділдік фокус та – оның алдында отырған адамға ғана, яғни, өзінің әуестігіңізді бөлісетін жанға негізделеді. Осындай фокустандырудың нәтижесінде ол адам айырықша, керемет және қызықты адам болып көрінеді.
Әрине, қарапайым адамдарда осының барлығы да маскүнемдердегідей дөрекі және тікелей болмайтын шығар. Дегенмен, кейбір достық сезімдер ішінара алкогольмен бекітілігені туралы өкінішті жайтты жоққа шығаруға болмайды.
Алкогольге деген осындай біртүрлі реакциялардың неліктен басталатынына қатысты қандай да бір нұсқаларың бар ма? Ұқсас белгілері болған біреуді кездестірдің бе?
Иә, мен көптеген 30 асқан, әсіресе, 40 асқан адамдардан алкогольге деген қызығушылықты жоғалтқандары туралы оқиғаларды естігенмін. Біреулер салауатты өмір салтын ұстанса, басқалардың денсаулықтары сыр бере бастады. Ал тағы біреулер орта жастағы дағдарыс толқыны кезінде өмірін күрт және кілт өзгерткісі келді.
Осындай тағы да бір нұсқа баршылық: жаттығу залына тұрақты түрде баратын адамдарда (мен жаттығу залына көп жылдан бері және үнемі барып тұрамын) спорттық жүктеменің нәтижесінде мидың ішінде өзіндік сыйақы орталықтары белсендіріле түседі екен. Уақыт өте келе осы сыйақы орталықтары алкогольдің беретінін ығыстырып, әрі жоққа шығарады. Зал бойынша көптеген серіктестерімнен олардың алкогольде деген қызығушылығы біртіндеп жоғалғаны туралы естігенім бар. Әрі бұл салауатты өмір салтының күрделі формаларымен қызығатын, яғни, «глютенге жоқ дейміз, тек қана соя және өскен дәндер» дегенді ұстанатын адамдар емес. Жоқ, қарапайым адамдар.
Сен алкогольді ішімдіктерге ұқсас келетін сусындарға ауысып көріп пе едің? Алкогольсіз сыра, шарап…
Шынымды айтсам, бұрындары осындай сусындар жайлы естісем, күлкім келетін еді. Ондай кезде «алкогольсіз сыра резеңкеден жасалған әйелдерге ауысу» туралы әзіл сөзі бірден есіме түсетін, өз басым еркек болмасам да. «Ішімдік ішкендей болып имитация жасаудың керегі не? Ішкің келмесе, ішпей-ақ қой», – деп ойлайтынмын.
Алайда өзім бірнеше рет алкогольсіз сыра ішіп көрдім. Өйткені нағыз сыраның дәмін татқым-ақ келіп тұрды. Тіпті, аяғы ауыр әйелдер де өздеріне кейде аздап сыра мен шарап ішуге рұқсат беретіндерін білемін. Алайда мен мұндайға қарсымын. Өзім медициналық отбасыдан шыққанмын, менің дәрігер атам былай деп айтатын: жүкті әйел үшін алкогольдің кез келген мөлшеріне жол берілмеуі керек, өйткені алкоголь — бұл нейротоксин уы болып саналады, әрі ол ұрықтың миына тікелей әсер етеді. Осы тұста болжауға келмейтін салдар болуы әбден ықтимал.
Сол кезде маған алкогольсіз сыра ұнады. Алайда мен оны бір құтыдан артық ішпедім. Алкогольсіз шарап туралы да жақында ойлағанмын. Бұл сауық кештерінде әлеуметтік тұрғыдан бөлектенбеудің жақсы әдісі деп санаймын. Бірақ бағасы удай! Қайнатылып алкоголі шығарылған нашар жүзім шырынының 0,5 л үшін, орта есеппен алғанда, 6000 теңге шығарасың. Жоқ. Одан да «ішкің келмесе, ішпей-ақ қой» қағидатын ұстана бергенім дұрыс.
Оған қоса тағы бір айтарым, дастархан басында қасындағы адамдардың барлығы да ішімдіктен алып отырған кезде, сен, тіпті, бір шыны шырынның өзінен-ақ масайрап қалып, көтеріңкі көңіл-күйде болады екенсің. Бәлкім, психологияда «жұқтырудың» осындай әсері сипатталған да шығар.
Басқа адамдарға не айтар едің? Алкогольден бас тартуға кеңес бересің бе?
Мен салауатты өмір салтын қолдаймын, дегенмен, бұл жерде бәрі орынды болуы тиіс, яғни, асқан жанкештілікке де берілмеген абзал дер едім. Әркім өзіне қуаныш сыйлатын және үлкен зиян келтірмейтін нәрсемен айналысқаны жөн.
Аударған: Рита Сәрсенова