Неліктен Қазақстанда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады?
21 жасқа толмаған жасөспірімдер денсаулығына зияны бар
Қыркүйектің соңында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдегендей, ведомство 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасына енгізілуі мүмкін түзету еліміздің парламентінің төменгі палатасында қарастырылып жатыр. «Энергетиктер» қаншалықты зиянды және қауіпті? Елімізде оларды қай жастан бастап тұтынуға рұқсат етілген? Осы сусындар балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер етуі мүмкін? Бұл жайттарды мақаламызда ресми инстанциялар және медициналық сарапшылармен бірге анықтаймыз.
БАРЛЫҒЫ НЕДЕН БАСТАЛДЫ? «СЕН ТӘУЛІГІНЕ 24 САҒАТ КҮРЕСЕ АЛАСЫҢ БА?»
Баршамызға таныс түріндегі энергетикалық сусынның алғашқысы Жапонияда соғыстан кейінгі жылдары пайда болған, әрі оның құрамында амфетаминдер кездесетін. Сусын өткен ғасырдың 50-ші жылдардың ортасына дейін сатылған, кейін оны тұтынуға тыйым салу туралы заң қабылданған еді.
1962 жылы осы идея жаңа тынысқа ие болды. Дәріқағазсыз сатылатын дәрі-дәрмектерді шығарумен айналысатын жапондық TAISHO фармацевтикалық компаниясы құрамында кофеиннің жоғары мөлшері мен дәрумендері бар Lipovitan D атты сергітетін сусынды шығарады. 80-ші жылдарға қарай жетістікке жетуді аңсаған жапондық жетекшілердің барлығы дерлік энергетикалық сусындарды жаппай тұтынып отырған.
Сол кезде Жапонияда көрсетілген бір теледидарлық жарнаманың бірінде Арнольд Шварценеггер костюм мен галстук киген жын түрінде энергетикалық сусыны бар бөтелкенің ішінен атып шығады. Ол күллі әлем бойынша жоғары жылдамдықпен зымырап келе жатып, келісім-шарттарға қол қойып, түрлі мәмілелер жасасып, әрі иегін жоғары көтере салып, былай деп ән салады: «Сен тәулігіне 24 сағат күресе аласың ба? Кәсіпкер, кәсіпкер, жапондық кәсіпкер!»
Энергетикалық сусындардың американдық және еуропалық нарықтарды жаулап алуы үшін тағы да бірнеше жыл қажет болды. Бұл жаулап алу бірден бола қойған жоқ, өйткені «сергітетін рөлдер» кофе және кока-коланың артынан мықтап бекітілген еді. Алайда 1997 жылдан бастап және күні бүгінге дейін энергетикалық сусындардың нарығы жыл өткен сайын екі есеге артып келеді.
«ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДАР БАЛАЛАРДЫ АҚЫЛЫНАН АДАСТЫРАДЫ»
Ұзақ уақыт бойы энергетиктердің зияны туралы ешкім ойлаған емес. Америка Құрама Штаттарындағы алғашқы жарнамалық хабарландыруларда энергетикалық сусынды «үй шаруасындағы әйелдің аңсағанына жауап ретінде, шаршаған фермер немесе кәсіпкердің айырылмас серігі және Джонни немесе Мэри секілді жастар үшін толық қуатқа көшудің құралы» деп атайтын.
Тек 2008 жылы ғана Буффало университетінің тәуелділіктер бойынша ғылыми-зерттеу институтының бас зерттеушісі Кэтлин Э. Миллер осы түйткіл туралы ойлана бастайды:
Менің барда жұмыс істейтін 16 жасар отбасылық досым болған, әрі оған жұмысы үшін арасында Red Bull-мен төлейтін еді. Ол қабырғаны жұдырығымен тесіп, әрі қатты күйгелектеніп жүретін, сол кезде оның отбасы осының барлығына кофеиннің қатысы бар ма, жоқ па екендігін білгісі келді». Ғалым осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп бастайды да, «энергетикалық сусындар балаларды тура ақылынан адастыратындығын» анықтайды.
Жүргізілген зерттеулер жасөспірімдер мен жас адамдардың энергетикалық сусындарды тұрақты түрде тұтынып отыруы мен психикалық белсенді заттарға құнығу және қауіпті жыныстық мінез-құлық секілді әлеуметтік түйткілдер арасындағы тікелей байланыстың бар екендігін көрсетті.
«Егер сіз бір айдың ішінде алты немесе одан да көп энергетикалық сусынды ішкеніңіз туралы хабарлайтын болсаңыз, демек сіздің былтыр төбелескеніңіз туралы, мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түскеніңіз немесе қауіпсіздік белдігінсіз көлік айдағаныңыз туралы айтуыңыздың ықтималдылығы жоғары болатындығын анықтадым», – дейді Кэтлин Э. Миллер.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Кейбір еуропалық елдерде жас шамасына байланысты энергетикалық сусындарды сатуға шектеулер қойылған.
Польшада биылғы жазда 18 жасқа дейінгі тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға шектеулерді енгізу туралы жарлыққа қол қойылған, әрі ол 2024 жылдан бастап өз күшіне енеді. Бұл санатқа бір литр өнімге құрамында 150 мг артық кофеин немесе таурині бар сусындар жатқызылады. Сатылым тек қана құжатты ұсынған кезде мүмкін болмақ, ал заңды бұзғаны үшін 447 еуроға дейінгі айыппұл қарастырылған.
Литва осыған ұқсас тыйымды әлдеқайда бұрын, сонау 2014 жылы енгізген еді. 2016 жылға қарай оған Латвия мемлекеті қосылады. Тыйым салуды бұзғаны үшін айыппұл шамамен 190 еуроны құрап отыр.
2016 жылдан бастап Ұлыбританияда 16 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. Алайда 2023 жылдың жазында Шотландия үкіметі бұл тыйымды ұстанудан бас тартқан екен.
ЭНЕРГЕТИКТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Біздің елімізде энергетикалық сусындарға қатысты жағдай қандай, олардың балалар мен жасөспірімдер тарапынан тұтынылуы рұсқат етілген бе? Осы сауалмен біз Қазақстанның тағамтану академиясының көмегіне жүгіндік. Зертхана жетекшісі Айгүл Шәріпбаева бізге былай деп жауап берді: «Қазіргі таңда біздің елімізде және Кеден одағы бойынша энергетикалық сусындар Кеден одағының 021/2011 КО ТР техникалық регламентімен реттеледі. Қазақстан Республикасында энергетикалық сусындар 18 жасқа дейінгі балаларға рұсқат етілмейді».
Тағамтану академиясы 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу туралы Мәжілістің бастамасын қолдайды. «Мен 21 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге тыйым салу туралы ұсыныспен толықтай келісемін, өйткені энергетикалық сусындар балалар мен жасөспірімдердің ағзаларына, әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесіне үлкен зиян келтіретіні хақ. Сонымен бірге энергетикалық сусындар 0,33 мл, не болмаса ең көбі 0,5 мл құтыда сатылатындығын айта кеткен жөн, демек сусындардың тәуліктік ұсынылатын нормасы – 1 құты болып саналады», – деп атап көрсетті Айгүл Шәріпбаева.
Яғни, бұл бір парадоксалды жағдай болып тұр, себебі энергетикалық сусындарды 18 жасқа дейінгі балаларға тұтыну рұсқат етілмесе де, дегенмен олар еркін түрде сатылатын өнім болып келеді.
САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ
Өз кезегінде дәрігерлердің өсіп келе жатқан жас ағза үшін энергетикалық сусындардың зиянына қатысты жеке пікірлері баршылық. Энергетикалық сусындардың денсаулыққа қандай зиян әкелетіндігі туралы педиатр мен кардиологтан егжей-тегжейлі сұрастырдық.
«Энергетикалық сусындардың алуан түрлілігіне қарамастан, жалпы алғанда олардың құрамы бірдей болып келеді, бұл – кофеин, таурин, әртүрлі бояғыштар және хош иістендіргіштер.
Орта есеппен алғанда энергетикалық сусынның 100 мл көлемінде 30-35 мг кофеин бар. Бұл бір шыны күшті кофенің жартысы болып келеді. Тиісінше энергетиктің бір құтысын ішкен кезде (500 мл), осылайша жасөспірім екі-үш шыны кофе ішкендей болады екен. Жыныстық жетілу кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесінің қайта құрылымы жүріп жатады, бұл үдеріс жүрек ырғағының кейбір бұзылыстарымен бірге болады, ал кофеин жүрек қызметінің стимуляторы ретінде осы үдерісті нашарлай түсуі әбден мүмкін. Сондықтан жасөспірімдердің энергетикалық сусынды, тіпті, аз ғана мөлшердің өзінде тұтынуы көбінесе жүректің дүкілдеуі сезімі, әрі күретамырлық қысымның жоғарылауымен бірге жүріп жатады.
Таурин – бұл бірқатар пайдалы қасиеттерге ие болып келетін сульфоқышқыл. Таурин ағзаға енген кезде мидың қызметі жақсарады және жалпы метаболизм реттеледі. Таза таурин офтальмология және кардиология салаларында қолданылып келеді. Алайда оның жасөспірімдердің зат алмасу үдерісіне қалай әсер ететіндігі зерттелмеген, сондықтан оларды емдеу кезінде таза тауринді пайдалануға тыйым салынған. Шын мәнісінде энергетикалық сусындардың құрамындағы таурин өсіп келе жатқан, әрі тіпті, жылдам өзгеріп отыратын ағзаға қалай ықпал ететіндігін ешкім нақты айта алмасы анық.
Дегенмен энергетиктердің ең басты жағымсыз факторы – оларды бақылаусыз пайдалану болып саналады. Көптеген жасөспірімдерге энергетикалық сусындардың дәмі ұнайтыны рас, міне, тек қана осы себепке байланысты олар тәулігіне сусынның екі литріне дейін, тіпті, одан да көп мөлшерін ішуі бек мүмкін. Кей кездерде бұл жіті улану және ауруханаға жатқызу жағдайларына әкеліп соқтырады. Жасөспірім осы бір сусынсыз дұрыс зейін қоя алмайтындығын сезіне бастайды, ол әрдайым ұйқышылдықты сезінеді де, әрі бұл тек энергетикалық сусынды жаңадан тұтынған кезде ғана жойылады. Кез келген тәуелділік жасөспірім кезінде оңай пайда болады, әрі бұл тұста дәл осы кезеңде энергетиктерді тұтынудың басты қауіптілігі жатыр».
Инна Лещинская-Попова, дәрігер-кардиолог, медицина ғылымдарының магистрі:
«Энергетиктердің зияны турасында менің пікірім бірмәнді, әлбетте, мен бұған қарсымын, сондай-ақ бұл әртүрлі зерттеулермен, жарияланымдармен расталған, әрі мұндағы жайт балалардың өсіп келе жатқан ағзасына қатысты болып отыр.
Энергетиктерді қабылдау дегеніміз не? Бұл жүйке жүйесінің, сондай-ақ жалпы ағзаның жасанды түрдегі стимуляциясы делік.
Егер ересек адамдар туралы айтар болсақ, онда иә, мен келісер едім – кейде белгілі бір энергетикалық сусынды бір рет ішуге болатындай жағдайлар кездеседі. Мәселен, адамға шұғыл түрде рейске шығу керек. Не болмаса асығыс шаруа, жұмысы бар болып, ол энергетиктің бір дозасын ішуі мүмкін.
Алайда балалар ағзасы, яғни, өсіп келе жатқан ағзаға байланысты болған жағдайда – мен бұған мүлдем қарсымын. Өйткені балалардың өз энергиясы жеткілікті болып келеді. Егер бала әлсіз немесе өмірге шаттана қарамаса, әрі ұдайы шаршап жүрсе, демек оның денсаулығына байланысты түйткілді іздеу қажет. Ал егер де энергетикалық сусындармен жасанды түрде стимуляция жасалса, онда «болдырған жылқы» демекші әсерге ие боласыз.
Мысалы, энергетикалық сусындарды шамадан тыс көп ішетін, яғни, оларды тұрақты түрде қабылдап отыратын, сонымен бірге бұл сусынның дәмі ерекше ұнайды дейтін ересек адамдарда – денсаулықтарына байланысты күрделі түйткілдер пайда болады. Бұл кем дегенде күретамырлық қысымның жоғарылауы, жүйке жүйесінің үнемі болып жататын стимуляциясы, соңғысы болашақта аталмыш жүйенің жұқаруына әкеліп соқтырады.
Дәл осы жайттарды балалар мен жасөспірімдерге де қаратып айтуға болады, себебі балаларға осы бір жасанды ынталандырудың керегі жоқ.
Есіме бір мақала түсіп отыр, мен қателеспесем, ол британдық медициналық журналда жарияланған еді, ол жерде бір жыл бойы күн сайын энергетикалық сусынның 5 дозасын тұтынып отырған жас ер адамның жағдайы суреттелген. Нәтижесінде ол адам ентікпенің ауыр түрімен, жүрек жеткілігсіздігі, өкпе жеткіліксіздігі, сондай-ақ бүйрек жеткіліксіздігімен ауруханаға түседі. Демек энергетикалық сусындарды шамадан тыс қабылдаудың салдарынан оның өмір үшін маңызды үш мүшесінің жұмысы мүлде нашарлаған. Тіпті, трансплантацияның қажеттілігі туралы мәселе туындады. Алайда, бақытына орай, ол жерде бәрі де қалпына келтірілді, жас жігіт гемодиализ емін алды.
Мұндағы негізгі жайтқа келер болсақ, мен ешқандай да пайданы көріп отырған жоқпын, алайда келтірілетін зиян айтарлықтай зор. Ең бастысы – бұл жерде күретамырлық қысым жоғарылайды. Оған қоса, жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, энергетиктерді қабылдау салдарынан QT аралығы ұзарады екен. Кардиограммадағы QT аралығы – бұл кенеттен болатын өлімнің болжамалы факторы болып келеді.
Сонымен бірге жүйке жүйесінің тұрақты түрдегі гиперстимуляциясы да жақсы нәтижелерге әкелмейтіні хақ.
Тағы да бір айта кететін нәрсе, тура бүгін менің қабылдауыма жарты жыл бойына күн сайын дерлік энергетикалық сусындарды ішкен бір жас пациент келіп кеткен. Ұдайы тұтынудың нәтижесінде ол адамда ентікпе пайда болған, әрі қысымы да айтарлықтай көтеріле бастады – 180-190 дейін барады. Осының барлығы энергетиктерді ішудің салдары».
Аударған: Рита Сәрсенова